Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбедегі ковид орталығында жылу жоқ

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2021
  • 1983

Ақтөбедегі коронавирус инфекциясын жұқтырғандар емделіп жатқан ең үлкен  ауруханада бір аптадан бері жылу жоқ. Суық палаталарда дірдектеген науқастар бұл туралы әлеуметтік желілерге жазып, шағымданып жатыр.   Емдеу орнына неге жылу берілмеген? Мәселе қашан шешіледі? Өңірдегі тілшіміз Гүлвира Сейтенова мән-жайды анықтап көрді.  

Коронавирус өршіп тұрған шақта аурухана жылусыз, ыстық сусыз  қалай отыр? Науқастардың  бірі әлеуметтік желіде осылай деп жазған.  Аурухананың іші суық екенін  емдеу мекемесінің басшылығы  растады. Науқастар күн сәулесі көбірек түсетін палаталарға ауыстырылған. Басқа амал жоқ дейді.  Ғимарат жылу маусымына дайын болса да, тиісті құжаттар тапсырылса да  бірінші қазанда  жылу берілмеген.

Ерлан ТӘТІМОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ФТИЗОПУЛЬМОНОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
 
Ана корпуста 200 науқас жатыр, мына корпуста 200 науқас жатыр, жан сақтау бөлімінде біраз науқас бар. Жылу жоқ! Ал, біздің науқастар сұрайды неге жылу жоқ деп. Сосын қабылдау бөлімінде есік жиі ашылады, жабылады. Кіреді, шығады.

Емдеу мекемесінің басшылығы  палаталарға жылыту құралдарын қойып, амалдап отырмыз дейді. Апатты  жағдайда қолданылатын дизельді генератордың көмегімен электр пештерді де  қосқан.    Сонда да 12 мың шаршы метр ғимаратты жылыту қиын болып тұр, дейді.

Ерлан ТӘТІМОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ФТИЗОПУЛЬМОНОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Жұмыс жасайтын мамандар бөлмесінде жылу аппаратты бар, оны күнімен-түнімен қарап тұруымыз керек. Бізге қауіпсіз жылу керек.

Аурухананың жылусыз қалғанына жақын маңдағы құбырдың ауыстырылып жатқаны себеп. Жылуға жауапты мекеме өкілі ол жұмыстың  ерте көктемде жоспарланғанын айтады. Бірақ, тендерде  ұтқан компания материалдың қымбаттағанына байланысты  жұмыс істеуден  бас тартқан. Жаз бойы бірнеше рет конкурс өткізілсе де, нәтижесіз болды дейді. Ақыры   жылу трассасын кәсіпорынның өзі жөндейтін болған. Сондықтан жұмыс кеш басталған.   

Динара ЖАНАЛИНА, "AQTOBE SU-ENERGY GROUP" ЖШС БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Егер қазір жұмыс бастамаса, аурухана қыста жылусыз және ыстық сусыз қалуы мүмкін. Ыстық сумен жабдықтау резервтік желімен берілуде. Бірақ жылу беруге әзірше мүмкіндік жоқ.

Жоспар бойынша, құбыр ауыстыру жұмыстары 10-шы қазанда аяқталып,  ауруханаға жылу беріледі.  Коммуналдық мекеме өкілі осылай дейді.  Ал, ковид орталығының бас дәрігері  мәселені шешіп беруді сұрап, облыстық әкімдікке хат жолдаған.   

Г. Сейтенова