Соңғы кездері риелторлардың айы оңынан туып тұр. Баспана саудасына қатысты кез келген хабарландыруға, риелторлар жауап беретін болған. Олардың қызмет құны да айтарлықтай өскен. Ел ішінде әсіресе мегаполистерде бұл қызметке жүгінетіндер де көбейіпті. Әріптесім Әсем Лесбек, риелтордың жұмысын саралап көрді.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Алматы қаласы риелторлық қызметті пайдалану жағынан көш бастап тұр. Мегаполисте тұрғын үйдің бағасы жыл өткен сайын өсіп келеді. Соған қарамастан риелтор мамандарына сұраныс азаймаған. Баспана іздегендер делдалдардың қызметіне жүгінеді.
Пәтерді жалға алу үшін де риелторлармен байланысуға тура келеді. Өйткені ғаламтордағы хабарландыруларда үй иесінің емес, осы мамандардың нөмірі тұрады. Жұрт олардың қалтаны біраз қағатынын айтты.
БЛИЦ:
- Қазір риелторлардың условиялары өзгеріп кеткен. Сатушыдан да алады, сатып алушыдан да алады. Қымбат деп ойлаймын. 1000-2000 доллар сұрады.
- Төрт мың бер, телеграм каналына тіркеймін деді. Квартира тауып берем дегеніне онша сенген жоқпын.
Әйтсе де бұған риелторлардың өз жауабы бар. Олар қызмет ақысы бұрынғыша деп отыр.
Орынбасар САТАЕВ, ҚР БІРІККЕН РИЕЛТОРЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ КЕҢЕС МҮШЕСІ:
Риелторлардың бағасы өсіп жатқан жоқ. Тек қана біздің теңгеміз құнсызданып жатыр. Кезіндегі 1000 долларымыз 120 мың теңге болса, қазір 1000 доллар 430-450 мың. 30-35 миллион теңгенің пәтері болса ортадағы риелторлық компания орташа есеппен 400-420 мың теңге қызметін алады.
Жәрдем 7 жылдан бері осы кәсіпке машықтанған. Ол табысымыз жасаған жұмысымызға байлынысты деп отыр.
Жәрдем АҚБИСЕНОВ, ҚР БІРІККЕН РИЕЛТОРЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Кейде бір сделка болады кейде екі айда екі сделка болады. Пәтерін жалға беруге сізбен келісімшартқа отырған жеке тұлға сізге 30 пайызын төлейді. Мысалы 100 мыңнан 30 тың теңге.
Демек, айына жоқ дегенде 350-450 мың теңге аралығында табады екен. Бұл әрине бір пәтерден түсетін пайда. Баспана сату-сатып алу соңғы кезде ел аумағында қарқын алып отыр. Экономисттер мұндай делдалдардың қызмет ақысын қымбат деп бағалайды. Сондықтан алдын ала келісім шарт жасасу қажет екенін ескертті.
Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:
Жалақылары иә, доллармен санағанда сол күйінде тұр. Бірақ доллармен санағанда жалпы халықтың жалақысы ше. Халықтың жалақысы өсіп жатқан жоқ, мүлде азайып кетті доллармен санағанда. Сонда салыстырмалы түрде риелторлар иә, қарапайым халыққа қарағанда көбірек табыс табады.
Қазір риелторлық қызметке жүгінетіндер көбейген. Заңгер Руслан Қожахмет сондықтан олардың жұмысын заңдастыратын уақыт жетті деп санайды.
Руслан ҚОЖАХМЕТ, ЗАҢГЕР:
Елімізде риелторлардың қызметін реттейтін нақты заң, арнайы жүйе, білім беретін орталықтар жоқ. Олар заңсыз халықты қалағанынша қанап отыр. Сайттарды жағалап хабарландыруларды жібермей отырады. Неліктен заңмен реттелмейді бұған басын қатырып жатқан ешкім жоқ.
Заңгер тіпті көршілес елдердің өзінде риэлторлар туралы арнайы заң бар екенін айтты. Тұрғындарға делдалдың ресми құжаттарына назар аударған жөн деп отыр. Әрі телефон арқылы емес, бетпе-бет сөйлескен дұрыс дейді.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Бүгінде елде ресми тіркеліп, заңды жұмыс істеп жүрген 60 риелторлық компания бар. Ал, бейресмиі 4 мыңға жуық.
Ә. Лесбек