Русский Сайттың толық нұсқасы

«Бөрте» пьесасы тұңғыш рет Түркістанда сахналанды

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2021
  • 6273

Түркістан төрінде «Бөрте» сахналанды. Белгілі драматург Дулат Исабековтың сиясы кеппеген пьесасын көркемдеп, көрермен назарына ұсынған- киелі шаһардағы жаңа музыкалық театр ұжымы.  Бұл- жас ұжымның тұсау кесер  қойылымы. Тарихи туындыны көрермен қалай қабылдады? Бекзат өнерді алғашқылардың бірі болып біздің  тілшіміз  Айзада Төребекқызы да тамашалады.

Екі жарым сағаттық  қойылым Бөртенің Тимучинге, яғни Шыңғысханға  ұзатылған кезінен бастап Шыңғыс қағанның алып империяны басқарып тұрған кезеңін қамтиды. Бөрте әлем тарихындағы ұлы қайраткерлердің бірі, Шыңғыс ханның қоңырат тайпасынан алған алғашқы әйелі екені тарихтан мәлім. Айта кетейік, Бөртеге арналған  тұңғыш шығарма қазақ сахнасында да тұңғыш рет қойылды. Пьеса авторы- Дулат Исабеков, бұл шығармаға төрт жылдай уақытын сарп еткен. Ол қазақ сахнасында, қазақ экранында осы уақытқа дейін тарихта қазақтан шыққан қаһарман әйелдің жоқтығын алға тартты. Драматург бұл шығарманы дәл осы жасымда жазғаным жөн болды дейді.

Дулат ИСАБЕКОВ ЖАЗУШЫ, ДРАМАТУРГ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ:

40-45 те мүмкін бір эмоцияға беріліп кетуім мүмкін.Тарихи шындықты бұрмалап жіберуім мүмкін. Көркемдігін солғын қып алуым мүмкін. Жазып біткеннен кейін өзім жыладым. Бөртеге өзім ғашық болдым. Бөрте деген сұлу, Бөрте деген ақылды, Бөрте деген өжет. Шыңғысханға жалғыз жер бетінде «сен» деп сөйлеген сол. Ей, Темучин деген сол. Шыңғысханның бүкіл қателігінің бәрін шыжғырып басып айтатын жалғыз осы.

Басты кейіпкерді опера әншісі әрі актриса Айя Шәріп сахналаса, Шыңғыс хан бейнесін Еркебұлан Дайыров сомдады. Спектакль премьерасын жергілікті көрерменнен бөлек еліміздің түкпір-түкпірінен тамашалауға келгендер көп болды. Бекзат өнерді олар жоғары бағалады.

Гүлмира БАТАБЕКОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әртістері де, декорациялары да, костюмдері де өте керемет жасалынған. Керемет енді. Өте келісті, сұлу, ақылды екені прям көрініп тұр өзінің образынан. Тамаша әсер алып жатырмыз.  

Хұсейін ӘМІР-ТЕМІР, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ Н. БЕКЕЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

Бөрте шын мәнінде әйел кісілер өзінің ақылын соншалықты нәзік бере алады да, жеткізе алады да. Өлімнен де қорықпайды. Ешқандай қиыншылықтан да қорықпайды. Сөйтіп мынау өзінің жолдасының, жан жолдасының үлкен дәрежеге жетуіне бар мүмкіндікті жасай біледі.  

Айта кетейік, «Бөрте» пьесасын  Еуропаның төрт театры қоймақшы. Итальяндық режиссер Карло Шаккалуго да өз елінде сахналауды жоспарлап отыр.

А. Төребекқызы