Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда 30 метрден секірген әйелдің өліміне аттракцион арқанының бекітілмеуі себеп болуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2021
  • 2395

Қарағандыда биік ғимараттың  үстінен секірген Евгения Леонтьеваның өліміне аттракцион арқанының бекітілмеуі себеп болуы мүмкін. Әйелдің жақын құрбысы осылай дейді.  Оның айтуынша,  Евгенияны биіктен сырғытып түсіретін екінші арқан байланбай қалған. Қайғылы оқиғаға кім жауапты, роупджампинг деп аталатын   спорт түрін ұйымдастырушылар кімнен рұқсат алды? Бұл сұрақтарға әріптесім Айжан Қуаш жауап іздеді.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Қайғылы оқиға дәл осы Созвездие қонақ үйінің алдында болған. 33 жастағы әйел оның төбесінен 30 метр биіктіктен арқанмен секірген кезде жерге құлап, қайтыс болды. Арқан үзіліп кетті ме? Әлде ол дұрыс бекітілмеді ме? Ол жағы белгісіз. Өйткені Роупджампинг деп аталатын спорттың бұл түрін ұйымдастырушылар әзірге қандай бір ақпарат айтудан бас тартып отыр.


Әйелдің басында каска  жоқ. Ол жолдасы мен достарының көз алдында 9 қабаттан жерге құлап түскен, бірнеше метрге сүйретіліп барып, бетонға соғылған. Бас миы ауыр жарақаттанғандықтан дәрігерлер бірнеше ота жасаса да,  Евгенияны аман алып қала алмады. Оның артында, үш бала қалды. Марқұмның құрбысының айтуынша, Евгения биіктен секіргенді,  ауада қалықтап ұшуды ұнататын. Бұл оның үшінші секіруі еді дейді. Аттракцион сертификатын достары туған күніне сыйлық ретінде беріпті. Алайда, оның соңы қайғылы  аяқталады деп ешкім ойламаған. "Биіктен төменге қарай сырғытып түсіретін екінші арқан байланбай қалды",- дейді құрбысы арнамызға берген сұқбатында.

Светлана МОРОЗОВА, МАРҚҰМНЫҢ ҚҰРБЫСЫ:

Евгения ең мейірімді, ең көңілді, ақкөңіл жан болатын. Бұл оның үшінші секіруі. Ұйымдастырушылар жүйке, жүрек аурулары мен психотерапевте есепте тұрамыз ба, жоқ па соны сұрады. Бұл жолы алдымен мен секірдім. Ол секірген кезде бірінші арқан байланды, ал түскенде тартатын екінші арқан бекітілмей қалды. Бұл бейнежазбада да анық көрінеді.


Роупджампинг деп аталатын спорт түрін ұйымдастырған Flykrg компаниясы әлеуметтік желілерде өте танымал. 12 жыл бойы Алматы, Қарағанды тұрғындарын 30,50, тіпті 100, 245 метр биіктіктен секіртіп жүр. 100 пайыз қауіпсіздікке кепілдік береді.   Бірақ рұқсатты нақты қай ұйымнан алатыны белгісіз.   Қарағанды қалалық әкімдігінің мәліметінше,  экстремалдарға  рұқсат берілмегенін хабарлады.

ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ:

Қазақстан республикасының ұлттық стандартына сәйкес иілгіш  элементтері бар мына аттракциондарды (катапульттар, иілгіш арқанмен биіктіктен секіру және т.б.) белгіленген тәртіппен пайдалануға рұқсат алғанға дейін жергілікті атқарушы органдарда есепке қойылмайды. Қарағанды қаласының әкімдігі секіруге рұқсат бермеген.

Қазір істің мән- жайын полиция анықтап жатыр. «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Ұйымдастырушылар 8 жылға сотталуы мүмкін.  

Бақытжан ҚҰДИЯРОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қозғалған қылмыстық істің негізінде полиция қызметкерлері аталған аттракционды ұйымдастырушылардың лизензиясы бар болғанын немесе болмағанын, сондай- ақ қауіпсіздік ережелерін сақтау сақтамау  мәселелерін қарастыратын болады.


Биіктен секіруді ұйымдастырғандардың бұл жолы кімнен рұқсат алғаны алдағы уақытта анықталатын болады. Ғимараттың төбесін олар жалға алған.  "Созвездие" қонақүйінің есігі қазір тарс жабық, телефонмен байланысу да мүмкін емес.   Ал экстремалдардың «осы айдың 30- ы күні Алматыда 180 метрден секіруге шақырамыз» деген жарнамасы ғаламторда әлі жүр.

А. Қуаш