Русский Сайттың толық нұсқасы

Денсаулық сақтау министрі халыққа неге ренжулі?

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2021
  • 1089

Қазір халықтың басым бөлігі екпе алғысы келмейді. Біреулердің ол  жеке принципі  болса,  кейбіреулер діни сенімді сылтау етеді. Вакцинаның құрамына күмәнмен қарайтындар да бар. Елдің бас дәрігері мәселе өзекті екенін мойындайды. Бірақ, оны шешуге өзі де дәрменсіз.    Алексей Цой саладағы  олқылықтарды  қалай жоймақ?  Әріптесім Асылбек Данияр тарқатады.

Денсаулық сақтау министрі антиваксерлердің сеніміне кіре алмай келеді. Тек коронавирустың ғана емес. Өткен жылы өзге ауруларға қарсы вакциналау да ойдағыдай болмады. Ал биыл  талап күшейді.  Сонда да 3,5 мың қазақтандық екпе алудан бас тартқан.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

2013 жылдан бастап вакцина салдырудан 24 976 адам бас тартты, олардың 58 пайызы - жеке сенімдері бойынша, 23,2 пайызы - діни түсінікке байланысты, ал 12,8 пайызы - вакциналарға сенімсіздік салдарынан, 6 пайызы БАҚ-тағы жалған ақпаратқа сенгендер.


Себептері белгілі, бірақ жауапты министрлік жағдайды әзір өзгерте алмайтын сыңайлы. Денсаулық сақтау саласында мәселе шаш етектен.  Аурухана, емхана бар. Бірақ, жұмыс істейтін маман жоқ. Әсіресе, қысылтаяң сәтте инфекционист дәрігер тапшы.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

733 бос орынның 608-і немесе 83% - ы гигиенист және эпидемиолог дәрігерлер. 2020 жылдың қорытындысы бойынша кадрлардың тұрақтамауы 15 пайызға жетті.

Кадрлардың жұмыста тұрақтамауының бір себебі-еңбек ақының аздығы. Сұранысқа ие дәрігерлердің жалақысы 150 мың теңгеге әрең жетеді. Тіпті, олар апатты ғимараттарда да жұмыс істеуге мәжбүр.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Аумақтық бөлімшелердің 378 ғимараты бар. Оның 80% - ы тозған.  Сонымен бірге, мекемелерге бөлінген автокөліктің жағдайы да мәз емес. Тиесілі нормасы 490 бірлікті құрайды, 392 бірлік теңгерімде, оның ішінде: 240 бірліктің бәрі тозып кеткен.

Барын айтта, бірін айт. Елде эпид ахуал тұрақталып келеді. Екпе алуы керек халықтың 70 пайызы індетке қарсы вакцина алған. Алексей Цойдың сөзіне  сенсек, Қазақстанға "Pfizer" препараты келер айда жеткізіледі.  

А. Данияр