Русский Сайттың толық нұсқасы

Ет бағасы қарашада тағы қымбаттайды

  • AstanaTV
  • 12 қазан 2021
  • 1996

"Ет бағасы қарашада тағы қымбаттайды". Базардағы саудагерлер осылай дейді. Дүкен сөрелеріндегі тауарлардың  бағасы онсыз да шарықтап тұр. Әсіресе, күнделікті тұтынатын  азық-түлік қымбат.   Үкіметте бұл мәселе бірнеше рет көтерілгенімен, әлі шешімін табар емес. Қымбатшылықтың қашанға дейін жалғасарын ешкім білмейді.  

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Жыл басынан бері қымбаттамаған зат қалмады. Оның ішінде күнделікті тамақ әзірлеуге қажет  өсімдік майының бағасы да сан құбылды. Қаңтарда оның 1 литрі -611 теңге болса, қазір 800 теңге шамасында.  Айырмашылық әжептәуір.  Қант, жұмыртқа, көкөністің де бағасы аспандап тұр. Ал мына жерде  еттің түр-түрі бар, бағасы да сан алуан.

- Мұнда еттің түр-түрін көріп тұрмыз. Бағалар қалай? Бағалар қашаннан бері өсіп бастады?

Зәбира ТӨРЕХАНҚЫЗЫ, САТУШЫ:

Осы екі айдың көлемінде шамасы өсті. Қазір нормальный бағаны ұстап тұр. Бірақ ертең, қараша айында ауылды жерде еттің азаюына байланысты тағы қымбаттайды бізде. Қазір біз 2200-2100-ден араластырып қабырға-төспен бірге сатамыз. Жем-шөптің қымбаттауына байланысты бұның барлығы өзгереді.  

Бағаның шарықтағанына тұрғындар алаңдаулы. Айлығымыз шайлығымызға жетпейді, дейді. Базардағы сатушылар да тауардың едәуір жоғары бағада келіп жатқанын жеткізді.

БЛИЦ:

- Халыққа керекті жай адамдардың жейтін тамақтарының бәрі қымбат болып тұр ғой. Зейнет ақымыз да жетпейді. Базар өте қымбат.

- Продукция қымбат, орын қымбат. Сосын сондай қымбатшылық елде. Бәрі өзімізде өнеді, өседі. Халықтың жағдайы қиын.


Ал келер жылы жұмыртқаның бір данасы 70 теңгегеден сатылуы мүмкін.  Мұны экономист сарапшылар да растап отыр. Өйткені, еліміздегі құс фабрикаларының кейбірі жұмысын тоқтатқан.  

Ерболат ДОСАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ ТӨРАҒАСЫ:

Көкөніс бағасының 8,7%-ға және жеміс бағасының 2,4%-ға маусымдық төмендеуіне қарамастан, жоғарыда аталған факторлардың қысымымен Қазақстанда инфляция 8,9%-ға жетіп, жылдамдауын жалғастырды.

Күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында айтарлықтай көтерілген.  Ұлттың банк төрағасы бұған тек ішкі ғана емес сыртқы факторлардың әсері бар, дейді. Оны шешудің жолдарын  ұсынды. Біріншісі - елдегі нарықты реттеу. Екіншісі - импортқа тәуелділікті төмендету керек. Ал Қазақстанға жеткізілетін тауардың жартысы Ресейден келеді. Үкіметтің бағаны тұрақтандыру шаралары да нәтиже берер емес. Жылдық инфляция 17 аймақтың 13-інде өскен.   

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Теңгенің тұрақсыздығы, ауылшаруашылығы өнімдерінің қымбаттауы инфляциялық қысымды арттырады және басқа да тауарларға әсер етеді.  Оның үстіне қазір еліміздің бірқатар өңірінде дизель тапшы. Жұрт сұйық май таппай сенделіп жүр. Атыраудағы әріптесім Базаргүл Нәдірқызының айтуынша, аймақта жағдай қиын.  Базаргүл, жанар жағар май жетіспеушілігі қашан туындады, мәселені шешу үшін билік не істеп жатыр?


Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Иә, Асылбек, дизель тапшылығы өңірлердегі шаруалардың шаруасын шатқаяқтатып тұр.  Қожалық иелері қысқы мал азығын дайындай алмай отырмыз,- дейді.  Оған   сұйық отын литрінің 280 теңгеге дейін қымбаттауы себеп болған. Ал қазір ақшасына да таппай жұргендерін айтады. Жанар-жағар май бекеттерінің  иелері   күніне 50, кейбірі 100 литрден артық сатпайтын көрінеді.

 
Техникалардың бәрі тізіліп тұр. Жылда бұл уақытта  мал азығы  дайындалып жататын.  Шаруашылық басшысы Әсемғали Қуанышев әлі бір орам да шөп түсірмедік,- дейді.

Әсемғали ҚУАНЫШЕВ, «АНАШЫМ» ШҚ БАСШЫСЫ:

Біздің техникалар жұмыс жасау үшін жоқ дегенде күніне 200-300 литр солярка керек. Біздің су насосымыздың өзіне 200-300 литр солярка керек. Бір бағытым -  260 шақырым. Барып-келу  - 520 шақырым. 1машина 33 руллон шөп тиейді. Оның соляркасы жоқ дегенде 350-400 литр солярка керек.


Еліміздегі 3 мұнай өңдеу зауыттың бірі орналасқан мұнайлы өңірдегі  баға шаруалардың жүйкесін жұқартып тұр. Облыстық энергетика басқармасы   бұл мәселемен біз   айналыспаймыз. Еркін айналымға кеткен дизель отынының бағасын сырттай ғана бақылап отырамыз дейді.  

Дизель отыны тапшылығын реттемек болған энергетика министрлігі Павлодар мұнай өңдеу зауытының жөндеу жұмысын  кейінге шегерген еді. Алайда жанар май қорын жинап аламыз деген, болжамнан жаңылысқанын мойындады. Айтуынша сұраныс өсіп, қазір Ресейден импорттауға мәжбүр. Сондықтан алдағы уақытқа  да болжам жасамай отыр. Вице министрдің өзі дизель отыны бағасы әлі де өсуі мүмкін  екендігін жасырмады.

Әсет МАҒАУОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Бұл нарықтың ішкі жағдайына байланысты болады. Бірақ баға төмен болса, біз ол көлемді Қазақстан ғана емес айналадағы көрші елдерге де кетіп жатқанын көріп  жатырмыз. Сондықтан ондай көлем кетіп жатса әрине біз тағы да бағаның өсуін күту керекпіз. Немесе бізде дефицит қайтадан болады.


Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Көрші елдерде дизель бізге қарағанда қымбат. Сондықтан транзиттік көлік жүргізушілері  Қазақстаннан майды  толтырып құйып алуға тырысады. Ал шетелдік  көліктерді шектейтін немесе басқа тарифпен беретін тетік елімізде әлі қарастырылмаған.  Ол үшін заңға өзгеріс енгізілу керек,- деді  Мағауов.

Б. Нәдірқызы, А. Данияр