Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында 21 жастағы жігіт тоққа түсіп, қайтыс болды

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2021
  • 2715

Түркістан облысында 21 жастағы жігіт тоққа түсті. Төлеби ауданындағы Жоғарғы Қасқасу ауылының тұрғыны алма теріп жүріп  деп ажал құшты. Қайғылы жағдайға қаралы отбасының бау-бақшасы арқылы тартылған жоғары кернеулі электр желісі себеп дейді қара жамылған отбасы. Күні кеше құда-жекжатты жиып, той өткізгелі отырған әулет аяқ асты ұлының жаназасын шығарды. Болған жәйттің жай-жапсарын әріптесім Айзада Төребекқызы тарқатады.

Көз жасын тия алмай тұрған Керімжан Сегізбаев түс көргендей күйде. 21 жастағы ұлы абайсызда ажал құшты. 12-қазан күні алыс-жақынды жиып, үлкен ұлының тойын өткізуі тиіс әке ойламаған жерден  екінші баласының жаназасын шығарды. Азамат болған азаматы бау-бақша  үстінен жүргізілген  жоғары кернеулі тоққа түсіп қалды. Бір сұмдықтың боларын сезгендей талай рет осы мәселені көтергенбіз,- дейді жүрегі қан жылаған әке.

Керімжан СЕГІЗБАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:
     
Бәрі уәдені үйіп-төгіп берді, орындалмады. Міне, арыстандай азаматымнан айрылып отырмын бүгін, өздеріңіз куәсіздер. Енді білмейм бұдан кейін не істеуге болатынын. Ананы лажы болса құртыңыздар, құтпайсыздар ма мен аралап тастайм.


Марқұм Азамат Тоғызалы қаралы отбасындағы алты баланың екіншісі. Жоғары оқу орнының соңғы курсында оқып жүрген жас келер көктемде үйленем деп жүрген екен. Белгілі болғанындай, Азамат ауылдасымен бірге дүйсенбі күні алма термекші болған.  Темір саты  жоғары кернеулі  желіге тиіп кеткен,- дейді куәгерлер. Ауыл тұрғыны   Жұмағали Есмұрзаевтың ұлы сатының бір жағын ұстап келе жатқан. Ол құдай сақтап аман қалды.

Жұмағали ЕСМҰРЗАЕВ, ЖОҒАРҒЫ ҚАСҚАСУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Төрт-ақ метр Мынау, пәс. Пәс жерде орналасқан. 10 мың вольт тоқ жүріп тұр мынаның  бойымен. Не болсада өртеп жібереді. Менің баламда шокта болды. Оны да ұшырып жіберген ғой ұрғанда, тағы да жерге сатының түбі тиіп, ол бала аман қалды менің балам. Тоқ жерге қарай заземление кеткен да. Әйтпесе бүгін екі өлік шығарып жататын едік.


Ауыл тұрғындары марқұмды аман алып қалу үшін жандалбасалап үш сағаттай уақыт жерге көміп те көріпті. Нәтиже болмады дейді.  Шуылдасқан  халық 1964 жылы орнатылған бағаналардың көбі тал-теректің ортасында қалып қойғанын айтады. Талай ағашты түбімен отап та тастаған. Жел тұрып, жауын жауса құдды найзағай ойнағандай тоқ жарқылдап тұратынын үрейлене жеткізді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Тұрғындардың айтуынша, жоғары кернеулі тоқ тартылған бағаналар осыдан үш жыл бұрын ауыстырылған екен. Бірақ барлығы бірдей емес.  Ара арасында мынадай ағаш бөренелер қалып қойған. Осыдан кемі елу жыл бұрын қойылған бұл бағаналар күйреп кетіпті. Ұстасаң міне, қолмен үгітіледі.  

Кейбір аулаларда өрт те болған. Өрт сөндірушілерді шақырса,  су шашып өшіре салыңыз деп қысқа қайыратын көрінеді. Бағаналардың кейбірі таулы ауданның желіне шыдас бермей қисайып тұр деп халық үрейленеді.

Икрам ЖАНБАЕВ, ЖОҒАРҒЫ ҚАСҚАСУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына столбаның қисайып тұрғанының өзіне он жыл болды. Үйім екі ортасы   он -ақ метр. Алты бала-шағам бар. Күнде қорқып, дірілдеп отырам. Азанда тұрып далаға шықпаңдар деймін. Бірінші шығып столбадағы проволкаларды қараймын мен, үзіліп қалмапты ма, балаларым өліп қалмасын деп.  
          
Небәрі жүз түтіні бар ауыл тұрғындары жоғары кернеулі желілерді көше бойымен жүргізуді талап етіп отыр.   Қауіптің барын ауылдық округтің әкім орынбасары да жоққа шығармАЙды. Бірақ  тұрғындардың өзінен де кінә бар дейді.
   
Мейіржан ДҮЙСЕБАЕВ, ТӨЛЕБИ АУДАНЫ ҚАСҚАСУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл столбалар негізінде олардың қорасына дейін салынған. Қора уже кейін салынған. Үйлері де кейін салынған. Шарбақтарын қоршап алған. Сөйтіп легализациямен алып документтерін туралап алған былайша айтқанда. Барлығы болмасада бірәзі кінәлі.
        
Десе де, келер жылы қора жайларға кіріп тұрған бағаналардың барлығын сыртқа шығару жоспарда бар екенін айтты.  Бұл мәселені жарыққа жауаптылармен де келісіп жатқанын жеткізді.  

А. Төребекқызы