Түркістанда 5-ші сынып оқушысының өліміне ауыр соққы себеп болуы мүмкін бе? Полиция мектеп оқушыларынан түсінік алып жатыр. 10 жастағы баланың қазасына оқушылар арасындағы бопсалау, әлімжеттік себеп болды деген марқұмның ата-аналары бүгін мектепке арнайы келіпті.
№ 18 мектеп-гимназияда оқыған марқұм Рамазанның ет жақындары тергеуге қатыстыруды талап етіп жүр. Қайғыдан қан жұтқан отбасы кінәлі оқушының қатаң жазалануын сұрайды. Тұңғыш немересін күні кеше жер қойнына тапсырған Гүлнар Маханова балапанымды сыныптасы әжетханада аямай ұрған деп отыр.
Гүлнар МАХАНОВА, МАРҚҰМНЫҢ ӘЖЕСІ:
Менің баламды қанша күн ұрыпты. Ол балам қорыққаннан айтпай жүрген қанша күн. Среда күні мына жамбасынан тепкен туалеттің ішінде. Сонда мұғалімдер қайда қарап жүр баланың тепкенін?!. Бүйрегінен тепкен. Өз қолыммен ұстадым, көгеріп кеткен денесі.
Әжесінің айтуынша, бауырына басқан немересін сотқар сыныптасы сұраған ақшаны тауып бермегесін тепкінің астына алған көрінеді. Ауруханаға жатқызылған бала көп өтпей көз жұмған. Дәрігерлер баланың басынан ауыр соққы алғанын дәйек қылды.
Жанат БУКЕБАЕВА, ТҮРКІСТАН қ. ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Өйткені ол соққыға жығылған соң, шамалы психомоторлы қозуы болған. Шошып оянып, психикалық белгілері болған да ақаулары. Бас мидың жабық травмасы, бас мидың соғылуы, ісінуі, ми стволының қысылуы, сөйтіп аспирациялық синдром деп бізде диагноз қойылып, сот медициналық сараптамаға өткізілген.
Мектепте күдікке ілінген баланың жақындары да жүр. Олар да өздеріне шаң жуытар емес. Мектеп басшысы да ақталып әлек.
Уәлихан БЕЙСЕНБАЕВ, ТҮРКІСТАН қ. №18 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Біздің медицина қызметкері мектебіміздегі ондай нәрсе тіркелмеген. Ауырды деген ондай мәлімет болмаған. Ол ешқандай неге шағымбанбаған, өтеді ғой бізде медициналық, болған нәрсе болғандай жазылып жатады. Ақиқат бұл жерде.
Мәселенің ақ-қарасын енді полиция анықтамақ. Құзырлылар тағайындалған сапартама қорытындысына сәйкес, заң шеңберінде шешім қабылданатынын хабарлады.
А. Төребекқызы