Қызылжарда қарттар үйінің 87 жастағы тұрғыны ауыр жарақаттан көз жұмды. Бұл туралы оның жақындары хабарлады. Марқұмның ағайын-туысы кейуананың қазасына мекеме қызметкерлерін кінәлайды. Себебі, жауапты тарап бұл оқиғаға қатысты жұмған аузын ашпай отыр, дейді олар. Мәселенің анық-қанығын аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин білуге тырысты.
Жамбас сүйегі мен қолдары сынған, өкпесі қабынған, сондай-ақ тұла бойы көгерген Александра Панкова ауруханаға ауыр жағдайда түскен. Қарияның түрінен төбе шашы тік тұрған ақ халаттылар оның өмірін сақтап қала алмады. Марқұмның немересі Татьяна Менщикова оны осындай жағдайға қарттар үйінің қызметкерлері жеткізді дейді.
Татьяна МЕНЬЩИКОВА, МАРҚҰМНЫҢ НЕМЕРЕСІ:
Ауруханаға түрлі дене ісіктерімен түскен. Дәрігерлер оның арқасында үлкен тесік болғанын айтады. Біз оны қарттар үйіне апарған кезде бір де бір жарақаты болған жоқ. Соншама кімнен, я болмаса неден жәбір көргенін түсіне алар емеспіз.
Марқұмның сіңлісі Клавдия Гришина апасына ай сайын барып, қал-жағдайын біліп отырғандығын айтады. Алайда, соңғы рет мекеме қызметкерлері карантин шараларын сылтауратып, оны жолатпапты.
Клавдия ГРИШИНА, МАРҚҰМНЫҢ СІҢЛІСІ:
Мен әрдайым айдың басында баратынмын. Жеміс-жидекті толтырып, апарып беретінмін. Ал бұл жолы жолыққан кезде мекеме қызметкерлері оның аяғы гипспен оралған, жүре алмайды деп, мен кіргізбеді. Мен жылап, кете бердім.
Қоғамдық ұйым 2002 жылы ашылған. Қазір мекемеде 30 қария тұрып жатқан көрінеді. Жауапты орын өкілдері тілшілерге болған жағдайға қатысты ақпарат беруден бас тартты. Тіпті марқұмның туыстары да мардымды жауап ала алмай жүр.
Сорақысы сол, қарияларға арналған мұндай күтім орталықтарын ешбір орган қадағаламайтын көрінеді. Жергілікті билік тек мемлекеттік қарттар үйін ғана бақылауға құзырлы. Ал ауыр жарақаттардан көз жұмған Александра Панкованың туысқандары қазір сот медициналық экспертизаның қорытындысын күтіп отыр.
А. Құрманкин