Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте жаңа туған шақалақты қоқыс жәшігіне тастаған кім?

  • AstanaTV
  • 18 қазан 2021
  • 2900

Шымкентте қоқыс жәшігінен жаңа туған шақалақтың денесі табылды. Шарана матаға оралып, пакетке салынған. Мұны бүгін таңғы жетіден өте қоқыс жинап жүрген коммуналдық мекеменің жұмысшылары тауып алған. Темір жәшікті босату кезінде күрегі батпағасын қалтаны ашып қараған жұмысшының өзі алғашқыда абдырап қалыпты. Айы-күні жетіп туған шарана кіндігімен жатқанын, оның ұл бала екенін айтты. Бұрын соңды мұндайды көрмегенмен деп отыр.

Ержан БАЙТАСОВ, КОММУНАЛДЫҚ МЕКЕМЕ ЖҰМЫСШЫСЫ:

Қорықтық баруға, сөйтіп бастығымызды шақырдық. Полиция келді. Кейін ашып көрсек ұл екен.  Шашы бәрі бар. Аузы ашық, қып-қызыл. Мына жері басы жарылған екен баланың.  

Коммуналдық мекеме жұмысшылары, бұл жерге күнде келіп қоқыс алатындарын жеткізді. Айта кетейік, қоқыс тастайтын орын Тұрар Рысқұлов көшесі бойындағы мейрамханалардың біріне тиесілі. Бұл жерде негізінен жеке үйлерден бөлек  шағын кәсіпкерлік нысандары да орналасқан. Бәрінде байнебақылау камерасы бар. Қазір полиция таспаны тексеріп жатыр. Нәресте өлі туылды ма, жоқ тірі болды ма, ол жағын құқық қорғаушылар анықтамақ.

Мөлдір БЕКЕЕВА, ШЫМКЕНТ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 100-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.


Дәл осындай жаға ұстатарлық жағдай Қызылорда облысында да тіркелді. Түсік , яғни  5 айлық шарананың денесі қоқыс жәшігінен табылды. Қазір бұған қатысты да "Жаңа туған баланы анасының өлтіруі" бабымен тергеу амалдары басталып кетті.

А. Төребекқызы