Русский Сайттың толық нұсқасы

Туған інісін жауыздықпен өлтірді

  • AstanaTV
  • 18 қазан 2021
  • 3263

Туған інісін жауыздықпен өлтірді. Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында жантүршігерлік оқиға болды.  Марқұм да, күдікті де -Қазақстан азаматтары.   Сол жақта тұратын отандасымыздың айтуынша, 22 жастағы жігіт 26 рет пышақталған. Бірақ бұл қайғылы жағдайдан балаларын сағына күтіп отырған анасы мен әжесі бейхабар.  Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады.
 
Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:


Қайтыс болған жігіттің денесі 12 қазанда  табылған. Қос бауырдың арасында не жағдай болғаны  әзірге белгісіз. Күдікке іліккен марқұмның туған ағасы  сол жерде қолға түскен. Ресми деректерге сүйенсек, 22 жастағы айыпталушы, інісін 2-ші қабаттағы жуынатын бөлмеден 1 қабатқа дейін әбден қинаған. Мойын тұсынан 7 рет, денесіне 19 рет пышақ сұққан.  

Екеуі де Түркістан облысы Жетісай ауданының тумасы деген ақпарат тарап жатыр. Еңбек мигранттары. Жергілікті құзырлылар жұмған аузын ашпай отыр. Бар деректі Оңтүстік Кореядағы ауыр жағдайда қалған отандастарға көмектесетін Самат Ахметовтан алдық.

Самат АХМЕТОВ, ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ:

27 жастағы А. есімді азамат есінен танып жатқан жерінен қамауға алынған болатын. 22 жастағы С. есімде азаматтың әкесі Оңтүстік Корея елінде қазір. Әкесі мен тікелей байланыстамыз. Негізі С. есімді азамат Оңтүстік Корея еліне 1 жарым жыл бұрын келген екен, осы жерден әкемді алып кетемін деп.  


Сот-сараптамасының қорытындысы бойынша,  екеуі де сау күйде болған және психикалық есепте тұрмаған. Қамауға алынған күдіктіге қатысты қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру  жүріп жатыр. Істің сағызша созылып кетуіне айыпталушының тергеушінің сұрақтарына жауап бермеуі себеп, дейді сол елдегі отандасымыз.

Самат АХМЕТОВ, ОҢТҮСТІК КОРЕЯДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ:

Оңтүстік Корея елінде қылмыс жасаған шетел азаматтары жазаларын Оңтүстік Корея аумағында өтейді. Себебі, олар қылмысты Оңтүстік Корея елінде жасаған және бұл азаматтың жасаған қылмысы өте ауыр болғандықтан, қоғамға өте қауіпті болғандықтан, бұл азамат жазасын кәріс жерінде өтейтін болады.


Сондай-ақ, інісін пышақтап өлтірген күдіктіні болашақта елге депортациялау мүмкін емес.   

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:

Сеулдегі Қазақстан Республикасы Елшілігінің консулдық бөлімі марқұмның денесін Қазақстанға жіберу мәселесін шешуде. Екі қазақстандық азамат Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген.

Күдікті 14 қазанда Қазақстанға оралуды жоспарлаған. Бірақ ол енді әзір мүмкін емес.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Елшіліктің ақпараты бойынша Оңтүстік Кореяда 36 мың қазақстандық бар. Олардың 10 мыңға жуығы- заңсыз мигранттар. Айта кетейік, өткен аптаның ішінде сол елде нәпақа тауып жүрген 4 қандасымыз көз жұмыпты.  Ал ағасының қолынан қаза тапқан марқұмның  мәйіті 21 қазанда Шымкент қаласына жеткізіледі.


А. Данияр