Ақтөбелік төбет асыраушылар қоғамда талқыланып жатқан «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасының кейбір тұстарымен келіспейді. Олар иттерді төбелестірмесек, мықтыларды іріктей алмаймыз деп отыр. Ал, жаңа заң бойынша төбеттер жекпе-жегіне ресми түрде тыйым салынбақ.
Бұл тәлімбақта қазір 12 ит бар. Алып төбеттер жылына бірнеше рет жекпе-жекке шығарылады. Ит асыраушылардың өздері төбелесті "жай ғана сынақ" деп атайды. Иттер қан-жоса боп төбелеспейді. Тек бөрібасардың мықтылығы мен мінезі сыналады, дейді олар. Бірақ бұл сынақ енді жануарларға қатігездік көрсетумен теңестірілмек. Жаңа заң жобасындағы өзгеріс төбет ұстайтындардың наразылығын тудырды.
Еркебұлан САРМАН, "ТАЗЫ-ТӨБЕТ БӨРІБАСАР" ҰЛТТЫҚ СПОРТ ФЕДЕРАЦИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ МҮШЕСІ:
Қазір бұл заң қолданысқа енгізіліп кетсе, алдағы уақытта біз тестілеп тексеруді жүргізе алмаймыз, себебі бұл жерде төбеттердің нағыз күшін сынайтын ол тек қана рингте бір-бірімен төбелестіру арқылы ғана тестілеуден өтеді.
Еркебұлан Сарманның айтуынша, төбеттерді төбелестірмесе, мықтысын іріктей алмайды. АЛ бұл Қазақстанда нағыз төбеттер тұқымының жоғалып кетуіне әкеледі. Осыдан 15-20 жыл бұрын елімізде 19 мың төбет болса, қазір бір мыңның шамасында ғана қалған. Жергілікті жануарларды қорғау ұйымының өкілдері де жаңа заң жобасының кемшіліктері көп дейді. Әсіресе, төбеттер төбелесіне қатысты мәселені халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қайта қарау керек.
Татьяна ОСТРЕЦОВА, «ҚАМҚОР» ЖАНУАРЛАРДЫ ҚОРҒАУ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Төбеттердің төбелесінде тұрған ештеңе жоқ. Тек жануарды өлтіру немесе жарақат алған итке уақытында ветеринарлық көмек көрсетпеу секілді қатігездікке жол берілмеуі керек. Өркениетті елдердің тәжірибесі зерттеліп, төбеттерді сынақтан өткізудің нақты ережесі жазылуы тиіс деп есептеймін.
Таутөбетті көбейтудің қамын ойлағандар енді қол жинамақ. Жаңа заң жобасының келіспейтін тұсын көрсетіп, құзырлы орындарға хат жолдаймыз дейді.
Г. Сейтенова