Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкент перзентханасында шақалақтың мәйіті алмасып кетті

  • AstanaTV
  • 21 тамыз 2017
  • 3514

Шымкентте перзентхана қызметкерлері шетінеген шақалақтың мәйітін ауыстырып жіберген. Тіпті баланың нәсілі мен жынысы да бөлек болып шыққан. Қара жамылған отбасы бұл сорақылықты нәрестенің денесін жер қойнына тапсырарда бір-ақ білген. Оқиғаның мән-жайын әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Перзентханада шетінеген шақалақ - шымкенттік Айжан Кенжетайқызының екінші перзенті еді. Көрер жарығы сенбі күні сөнген сәбидің денесін демалыс күніне тура келгендіктен, ол күні алып кете алмағандарын айтады.

Шақалақтың мәйіті тек бүгін түске он бірлерде туыстарының қолына берілген. Жер қойнына тапсырмас бұрын, ұлын көріп қалмақ болған 23 жастағы Айжан, мұндай сұмдыққа куә боламын деп әсті ойламадым, дейді.

Айжан Кенжетайқызы, жас босанған ана:

Баланы моргтан әкелгеннен кейін, үйге барып баланың бетін ашсам, мына бала жатыр да, міне, осы бала жатыр. Бұл менің балам емес. 4 айлық бала ма сондай ...қолына жазып қойған «Александра бірнәрсе деп жазып қойған. 21 -і күні туылған бала, бүгінгі бала да. 21-і күні. Бұл 4,5 айлық па бала. Ал менің балам міні...

Бұл онсыз да есеңгіреп отырған қаралы отбасының төбесінен жай түсіргендей болды. Олар мұны медицина қызметкерлерінің салғырттығынан көріп отыр.

Ғалия, туысы:

Адамның ісі болып тұр ғой. Адам беріп тұр ғой. Шығар кезде айтқан екен әкесі «мынау кішкентай, ашып көріңіздерші деп. Сөйтсе, «Тура сол. Әкете беріңіздер» деген. Тіпті ашып та көрмеген. Айналдырған төрт-ақ бала екен жатқан. Сонда қалай төрт баланың ішінде қате болады? 

Бөгде біреудің шала туылған шаранасын ұстап перзентханаға жанұшыра жиналған Айжанның туыстары өз балаларының денесін осында келіп ақыры тауып алды. Бұған дейін тағдырдың ісі деп ұлымның өліміне көндіккен едім деген Айжан мына сұмдықтан соң нәрестесінің өліміне күдіктене бастаған. Кесір тілігімен туған баласы 19 күн жансақтау бөлімінде жатып, 20-сы күні анасына берілген. Бірақ сол күні үйге шығайын деп жатқанда, жағдайы күрт нашарлап, шетінеп кетті, - дейді Айжан.

Айжан Кенжетайқызы, жас босанған ана:

Система айран сияқты. Айран ұйып қалады ғой, ашып кеткен болады, сондай ашыған нәрсе сияқты, әр жерінде бүйтіп кетіп бара жатыр, іртік-іртік. Сұрадым да  медсестрадан: «Мынау не?» Мұндай нәрсе 20 күн бойына реанимацияда мен мұндай нәрсе көрмегем деп сөйттім. Сөйткен едім, «бұл антибиотик» деді. Мұндай антиботик бар ма негізі деген едім, «егер антибиотик дұрыс тарамай қалса, бір біріне жабыспай қалса, осылай іртік боп барады». Білмедім, жүрегіме қонып тұрған жоқ деп едім, "сен сонда бәрін білуің керек па?! Қаласаң, онда алып тастай салайын системаны, жата берсін балаң системасыз" деп, маған өзіме қарай атқылап тастады.

Ал перинаталдық орталық басшылары баланың шетінеуі себебі мен шақалақтың мәйітін ауыстырып алғандар да жазадан тыс қалмайды деп жұбатқан болды. Айтуынша, бұл алғаш рет тіркеліп отырған келеңсіздік көрінеді.

Мадина Мамбетова, №4 облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

Өте қиын жағдай. Кешірім сұраймыз. Оны талдаймыз. Жауапты адамдар жауап береді.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Шақалақтың мәйітін дәрігерлер отбасы мүшелеріне тапсырды. Қазір ұлынан айрылған әке құқық қорғау орындарына арыз түсірді. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ