Русский Сайттың толық нұсқасы

Білдей министрлер депутаттардың сұрақтарына жауап бере алмады

  • AstanaTV
  • 20 қазан 2021
  • 1337

"Парламент пен лекция оқитын аудиторияны шатастырмаңыздар". Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Үкімет мүшелерін шүйлікті. Өйткені министрлер депутаттардың сұрақтарына жауап бере алмады. Алдағы үш жылдықтың бюджетін талқылаған жиында сенсация жасағандар да табылды. Айтпақшы бүгін БАҚ өкілдері пандемиядан кейін алғаш рет Парламентке кірді. Әріптесім Асылбек Данияр қатысып келді.

Бір жарым жыл. Коронавирус басталғалы онлайн форматқа көшкен мәжіліс бүгін журналистер үшін есігін қайта ашты. Шенеуніктерге қойылатын сұрақ көп. Бірақ, БАҚ өкілдеріне жолықпай жатып сүрінгендер жетерлік. Соның бірі – Үкімет басшысының орынбасары. Билік өкілі қараша айының үшінші он күндігінде қайта вакциналау басталатынан жарияға жар салды. Алайда, оған қаржының бар-жоғын білмей сасып қалды.       

Жәмилә НҰРМАНБЕТОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында ревакцинация жасау үшін вакцина сатып алуға бюджет қаражаты қарастырылмаған. Айтыңызшы, вакцина қандай қаражат есебінен сатып алынды?
 
 
Ералы ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазақстан халқы толықтай вакцинамен, оның ішінде ревакцинамен толық қамтамасыз етіледі.

Сасқан үйрек артымен сүңгейді. Ералы Тоғжанов кейбір әріптестері сияқты, жаттанды сылтауды айтып, оңай құтылғысы келді.  

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Ералы Лұқпанұлы, басқа дұрыс сұрақ болды? Қалай комиссия істеп жатқанын ол ақпараттың бәрін естіп отырмыз. Қай қаражаттың есебінен сатып аласыз?

- Қаражат резервтен алынады. Оның бәрі алдын ала...

-Кімнің резервінен? Асқар Ұзақбайұлының ба?

-Үкіметтің...

- Құрметті үкімет мүшелері, тікелей сұраққа тікелей жауап беріңіздер. Лекция оқитын ол басқа аудитория. Түсінікті ме?


Уәдесінде тұрмайтын министрлер де бүгін ескерту алды. Ол кемшілігі көп мүгедектерге арналған порталдың мәселесін шешеміз деп, жарты жылдан бері дым тындырмаған - еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.  

Кабинеттен кабинетке ауысып жүрген Энергетика министрі де сынның астында қалды. Әрине, бұл орынға жаңадан келгені рас. Бірақ, бұрынғы қызметіндегі нәтижесіз жұмыстары көп екендігін, мәжіліс төрағасы еске салды. Сонымен бірге, елордадағы жылу тапшылығы да сөз болды. Жұмыс 10 жыл бұрын басталған, 2 жылдан соң аяқталу керек. Оған салатын қаражатты қарастырмаған.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Оныншы жыл емес. Тағы 10 жылға созылатын жоба болады. Бағанағы экология министрінің сұрағы шын айтқанда сіздің жұмысыңыздың нәтижесі. Енді, осы министрлікті осындай нәтижеге жеткізбеңіз.

Депутаттар қазақ тілін үйрене бастаған сыңайлы.

Артур ПЛАТОНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «NUR OTAN» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасында жол картасында көзделген барлық шаралар өзінің қаржылық келісімін тапты. Ағымдағы дағдарысқа қарсы шараларды жалғастыруға бюджеттен 1 триллион теңге қарастырылған.


Қаржы мәселесі қаралған жерде, қымбатшылық қатар жүреді. Үкіметте, парламентте «бәрі керемет» деп есеп беретін, министр елді «Шүкіршілікке» шақырады.

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

- Нәтижесін көріп отырмыз ғой...

- Қандай нәтиже көріп отырмыз? Ең керекті әлеуметтік маңызы бар тауарлар қымбат. Шаралалар жұмыс істеп жатқан жоқ.

- Әлемде 30 процентке қымбаттап отыр. Көршілес елдер де 15-20 процентке өсіп отыр.  Біз деген 10 процент көлемінде ұстап отырмыз.


Жиында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жайы да сөз болды. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, жол картасының барлық тармақтары уақытылы және толық қаржыландырылуы тиіс. Бұл - бақылауда болады, дейді.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:


Үш жылдық бюджетте бірінші кезекте, әдеттегідей, әлеуметтік міндеттерді қаржыландыруға ерекше назар аударылды. Енді басты міндет – осы қаражаттарды жоспарға сәйкес, өз уақытында, тиімді пайдалану.

А. Данияр