Русский Сайттың толық нұсқасы

Депутат Үкіметке "3" деген баға қойды

  • AstanaTV
  • 21 қазан 2021
  • 1729

Үкімет мүшелерінің жұмысы "3" деген бағамен бағаланды. Жұмыстары ауыз толтырып айтарлық емес, қанағаттанарлық. Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай деді. Оның министрлер үйіне көңілі толмайды. Бір министр - қымбатшылыққа тосқауыл қоя алмай жатыр. Енді бірі - инфляцияны бақылаудан шығарып алған. Сенаттағы жиынға барған әріптесім Асылбек Даниярдың бейнематериалы.

Бұл - мақтанатын көрсеткіш емес. Қымбатшылық қарапайым халықтың қалтасын жұқартып бітті. Сауда және интеграция министрі шет мемлекеттерден жағдайымыз тәуір деп, бұқараны "жұбату" арқылы осыған да "шүкір етіңдер" дегендей қылды. Бұл әрине сенатордың да, жүйкесіне тиді.

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

30 жыл шүкіршілік жасап келдік қой. Енді, сондықтан үкіметтегі қай министрдің олай дегенін мен білмеймін. Бірақ, кез келген министрдің мейлі үкімет басшысының өзі бола ма бірінші кезектегі міндеті  халықты шүкіршілікке шақыру емес инфляцияны ауыздықтау. Ол үшін халықты шүкіршілікке шақыру аз, қызмет істеу керек.

Қарға қарғаның көзін қатты шұқығысы келмеді. Ет қымбаттаса, мал баққандар бейнетінің зейнетін көреді, дейді. Дегенмен бағасын да тұрақтандыруға болады деп санайды.

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Қымбаттатпаудың жолы бар. Оны Үкімет субсидиялау керек. Мысалы, шошқа шаруашылығын субсидиялауға ақша бөлінеді. Ал, жылқыға неге бөлінбейді?

Сенатор Үкімет мүшелерінің жұмысына көңілі толмайтынын байқатты. Қандай баға бересіз деген сауалға, жауап қатты.

Министрлер жұмысына, бұрынғы ауыл шаруашылық министрі, қазіргі сенатор Ақылбек Күрішбаевтың да көңілі толмайды. Теңге құнсыздануын тоқтатар емес. Инфляция көрсеткіші 9 пайызға жетті. Бұл - рекорд. Ұлттық банк төрағасы, келесі жылы бәрі ретке келеді, деп сендірді. Бұған депутаттар күмәнмен қарайды.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Біз бұл мәселені реттей алмаймыз. Инфляцияның ең көбісі азық-түлік бағасы емес пе? Күзде бізде заңдылық азық-түліктің бағасы төмендеу керек. Сондықтан да бұл жерде белсенді жұмыс істеу керек. Егер де жұмыс істемейтін болса әрине көтереміз.

Бүгінгі сенат отырысында Экология министрі Каспий теңізін қорғау бойынша заң жобасын бекітіп алды. Бұдан бөлек, бұрын арнасы суға толып жататын Жайық пен Сырдария өзендеріндегі жағдайды түсіндірді. Қазір тартылған суды қалпына келтіру үшін шетелдік мамандармен жұмыс бастағанын айтты. БАҚ өкілдеріне 3 минут сұхбат беремін деп, қара терге түсті. Министр тағы бір маңызды міндетін ұмытпапты.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Сенаттың бүгінгі отырысы 39 минутқа ғана созылды. Депутаттар белсенді емес. Әлде жиынның оффлайнға көшкені әсер етті ме екен? Тіпті депуттық сауалда көп бола қоймады. Екі сенатор ғана Үкіметке сауал жолдады.


А. Данияр