Русский Сайттың толық нұсқасы

Мектептерді кімдер күзетіп жүр?

  • AstanaTV
  • 21 қазан 2021
  • 3771

Мектепті кімдер күзетіп жүр? Олар оқушыларды қорғай ала ма? Бұл сауалдар бүгін Сенат қабырғасында тағы да көтерілді. Күзетшілердің мардымсыз жалақысына да тоқталды.  Сенатор Ақылбек Күрішбаев білім беру нысандарындағы қауіпсіздік мәселесін көтеріп, Ішкі істер мен Білім және ғылым министріне депутаттық сауал жолдады. Аймақтардағы жағдай қалай шешіліп жатыр? Келесі бейнематериалда.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Атырау облысындағы білім ордаларының 20 пайызы ғана күзет қызметімен қамтылған. Облысқа қарасты 7 ауданның 6-уында бір де бір мектеп қауіпсіздікті күшейтпеген. Қала мектептердің санаулысында ғана жүйе жолға қойылған.  

 
Ж.Нәжімеденов атындағы №2 орта мектеп қауіпсіздік шараларын қолға алып, күзет мекемесімен келісім шартқа отырғандардың алғашқысы.

Жанна ҚҰЛБАТЫРОВА, Ж.НӘЖІМЕДЕНОВ АТЫНДАҒЫ №2 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұрынғы күзетші кімді шақырады. Сіз бен бізді шақырады. Біз өзіміз шуылдасып қаламыз ғой. Ал бұл кісілер дереу тетікшені басқанда адамдар келеді.

Мектепті 50 жастағы Серікқали Базарбаев күзетеді. Айлығы 70 мың теңге. Ал, қолындағы басты қару – дубинка.  Бой бермесе, жедел көмекке жүгінемін - дейді.

Серікқали БАЗАРБАЕВ, МЕКТЕП КҮЗЕТШІСІ:

Біріншіден, тревожный сигнализация басамын. Кбр шақырамын.

Бірақ аймақ бойынша статистика көңіл көншітпейді. Білім басқармасының мәліметінше, Жылыой ауданынан басқа аудандарда күзет мекемесі жоқ. Сондықтан қиындық туғызуда. Қала бойынша да биыл жеткілікті қаржыландыру болмағандықтан мектептерде бұрынғысынша зейнеткерлер отыр.
 
Қали МАХАМБЕТОВ, №15 АБАЙ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қаражаттың әлі бөлінбеуіне байланысты ешқандай жермен келісім-шартқа отырған жоқпыз. Сол себепті өзіміздің қызметкерлерімен шығып жатырмыз биылға деп жатырмыз. Келесі жылы январдан бастап болуы керек деп есептеп отырмыз.

 
Әзірге облыс бойынша 4 күзет мекемесі 39 білім ордасында жұмыс бастаған.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:


Ал күзет қызметі үшін аймақ бюджетінен қанша қаражат бөлінетіні белгісіз? Мұны әкімдік қызметі айтқан жоқ. Міндеті жай статистика ғана жүргізу екендігін ескертіп, басшылыққа сілтеді. Ақтөбеде бұл мәселе қалай шешілген? Гүлвира сөз өзіңде.

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:

Иә, біздегі облыстық білім басқармасының ақпаратына сенсек, аймақтағы орта мектептер қыркүйек айынан бастап түгел мамандандырылған күзет қызметінің бақылауына көшкен. Бұдан бөлек, 71 мектептің бейнебақылау камерасы полицияның жедел басқару орталығына қосылыпты.


Мәселен, оқу жылының басында екі күн қатарынан «бомба» қойылғаны туралы электронды хат келген №2 мектепте кәсіби күзет те, бейнебақылау камералары да, дабыл беретін қызыл түйме де бар. Күзетшілер жеке фирмадан келген. Үш күн сайын кезектесіп күзетке шығады.  

Жалғас АРЫСТАНОВ, МЕКТЕП КҮЗЕТШІСІ:

Балалар кіргенде тексереміз, особенно страший класты, металлоискательмен тексеріп шығамыз. Мектеп ішінде төбелес болмасын, балалар сыртта төбелеспесін – соның бәрі біздің міндетіміз.

Бұл қызметі үшін айына 65 мың теңге алады. Зейнет жасына дейін алты жылы бар, негізгі мамандығы – теміржолшы. Бірақ, қазір мектепте оқушылардың қауіпсіздігіне жауап береді.

Қайыржан ДАРЖАНОВ, ЖЕКЕ КҮЗЕТ ФИРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

60 мыңға ол жерге Рэмболар бармайды. Денсаулықтары бар, спортсмендер бармайды. Оған тек пенсияда жүрген адамдар, бөтен қолынан ештеңе келмейтін сондайлар келеді. Бірақ біз олардың денсаулықтарына қараймыз. Бірінші орында біз үшін оқушылардың қауіпсіздігі.

Күзет фирмасындағылардың айтуынша, мектеп күзетшілерінің қатарында білім ордасында вахтер болған әйелдер бар. Олар мектептің тәртібін бұрыннан білетіндіктен, күзетшілікке оқытылып, қайтадан жұмысқа алынған.

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:

Мамандар әзірге бас жарып бұзақылық жасап жатқандар болған жоқ дейді. Ал, Оралда мектеп күзеті жолға қойылған ба? Әріптесім жеткізеді.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Рахмет, біздегі орта мектептерде де күзеті күшейту біртіндеп жолға қойылып келе жатқан сыңайлы. Қаладағы 41 білім ошағының қауіпсіздігін мамандандырылған күзет қызметі өз міндетіне алған. Мұны басқарма хабарлады.   

Мектептің жаңа күзетшілері қарумен қамтамасыз етілген. Әлдеқалай оқыс жағдай бола қалса, арнайы SOS белгісі орнатылған. Бұл кезде суыт дабыл ізімен полицияның арнайы жасағы жетеді.

Бағдагүл БАҚТЫГЕРЕЕВА, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Күзет қызметі мектептің ішіне және мектеп аумағына түгел жауапты. Кешке қарай олар мектеп ауласын барлығын түгелдей аралап шығады. Бұл жөнінде олардың келісімшарттарында көрсетілген. Қаланың 7 күзет агенттіктерімен келісімшарт жасалды.

Күзет қызметін әр мектеп өзі таңдауға құқылы. Басты талап – күзетшілер жас, әрі түрлі оқыс жағдайға дайын болуы тиіс.

Тамара МҰРАДИМОВА, №37 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Біздің бұрынғы күзетшілерімізге, вахтерларымызға қарағанда бұл кісілердің формасы бар, қару-жарағы бар, 30-50 жастағы адамдарды қабылдағанды жөн көрдік. Мен мектеп басшысы ретінде тек қана соларға қарап отырмай, өзімнің мектептегі жас мамандарымды кезекшілікке қойдық.


Қалған білім ошақтарында бұл мәселе қалай шешіледі? Жауаптылар бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр деді. Қашан нақты бір жолға қойылатынын айта алмады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Ал қаладағы колледждер мен университеттер өзінің қауіпсіздік бөлімін құрып алған. Олардың кейбірі оқу орны полицияның жедел басқару орталығына қосылыпты.


Е. Карин, Б. Нәдірқызы, Г. Сейтенова