Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылда «Әулиебастау» бұлағының жекеге өтуіне жұрт қарсы

  • AstanaTV
  • 25 қазан 2021
  • 2732

Жамбылда бұлаққа қатысты дау туды. Айша бибі ауылы тұрғындарының айтуынша,  шипалы бастау жекенің меншігіне өткен. Бұған халық  наразы. Себебі,  емдік қасиеті мол суға  дертіне дауа іздеп келетіндер көп.  Енді  бұлақты біреу меншіктеп алса,  табиғаттың сыйын   емін-еркін пайдалана алмаймыз дейді көпшілік.  Өңірдегі тілшіміз Берік Жұмабай тақырыпты сабақтайды.

Терінің түрлі ауруларынан айықтыратын, дертіне дауа іздеп, жұрт суын ішіп сырқатын жазып жүрген әулие бұлақ  -осы. Құрамында 17 минерал бар көрінеді. Иод, магний, кальций секілді элементтер түрлі ауруға таптырмас ем екендігін мамандар  алға тартады. Тағы бір ерекше қасиеті-су  қысы-жазы бір температурада-16 градуста тұрады. Сондықтан мұнда келушілер де жақын маңдағы ауыл тұрғындары да бұлақтың жекеге өтуіне үзілді кесілді қарсы.

БЛИЦ:

- Бұл жаққа жазды күні көп келеді. Басқа облыстардан, мына жақтардан тері ауруы дейді ғой соған көп адам емделген.  

- Біреу түнде келеді біреу күндіз келеді. Дегенде әр кім өзінің ойындағы мақсатымен сырқатымен келеді біреулер. Соларға тосқауыл болмай жалпы осылай ашық тұрса деген ниеттеміз енді. Әркім өзінің меншігіне алғаннан кейін сол қожайын болып қалады, соған тәуелді болып тұрамыз ғой.  

- Біздің ауылда онсызда жерден –жер қалмады ғой, сау жер қалмады. Жайылым жер қалмады елдар қаншама қиналып жүр. Енді тағы  мына жер сатылса бізге сонда не қалады айтыңызшы халыққа.    


Тұрғындардың айтуынша,  тіпті ауыл әкімінің өзі  ақсақалдармен шағын жиын өткізіп, олардың біразына бұлақтың бөтен қолға берілуін құптаймын дегізіп қол қойғызып алған көрінеді.
 
ТАЛҒАТ ҚҰРМАНҚҰЛОВ, АЙША БИБІ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Неге олар бізге өтірік айтады? Олар ақсақалдар кеңесін осыдан бір ай бұрын шақырған кезде олар көнбей қояды: «Бермейміз ешкімге, қалсын» деп. Ертесіне біз бардық әкімшілікке «не болып кетті?» десек болды уже, қол қойып қойды ғой қариялар дейді да.


Осыдан бір ай бұрын  бұлақ жекенің қолына сатылып кетті деп ауыл тұрғындарын шулатқан   әкім   оны бүгін жоққа шығарды. Әзірге зерделеу жұмыстары жүріп жатыр деп ақталды.  

Дәрмен ДӘУЛЕТ, АЙША БИБІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
 
Сенімгерлік басқару ережесіне сәйкес жүргіземіз деп ойлап отырмыз, көреміз енді алдағы уақытта.  Мүмкін әкімшіліктің теңгерімінде тұра береді. Ал бүгінгі таңда ол «Әулие бұлақ» ешкімге берілген жоқ.

Сонау жылдардан бері сақталған су айдыны жекенің қолына өтсе әулиелі аумақ тозып кетеді ме  деп ауыл жұрты алаңдайды. Ал атқа мінерлер керісінше кәсіпкерге беру арқылы бұлақтың басқа да көздерін ашып, көркейткен жөн дейді. Бірақ   мәселенің түбі  қалай шешілері әзірге белгісіз.   

Б. Жұмабайұлы