Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай тұрғынының жеке мәліметтерін белгісіз біреу иемденіп алған

  • AstanaTV
  • 27 қазан 2021
  • 1307

Қостанай тұрғыны Қазбек Арықов өз атына келген негізсіз айыппұлдарды төлеуге мәжбүр. Айтуынша оның жеке сәйкестендіру  нөмірін белгісіз біреу сырттай иемденіп алған. Және ол адам Елордада тұрады. Себебі, айыппұлдар бас қаладан келеді дейді. Тіпті сорақысы-белгісіз азамат оның атына жақында қомақты несие рәсімдеген. Жеке мәліметті жасырын қолданып жүрген кім? Полиция неге дәрменсіз? Тілшіміз толықтырады.

Қала тұрғыны Қазбек Арықов соңғы төрт жылда 17 әкімшілік айыппұл төлегенін айтады.Хаттамалар Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысында толтырылған. Отыз жылдан бері Қостанайда тұратын Қазбек Атайұлы ол жаққа мүлдем аттап  баспаған. Оның үстіне, көлігі түгілі жүргізуші куәлігі жоқ.

Қазбек АРЫҚОВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

2017 жылдан бастап осындай штрафтар  келе берді маған Астанадан.Өзім Астанада болған жоқпын.Мен осы Қостанайдың тұрғынымын. Жақында тағы бір мәселе бір кісі кредит алыпты.800 мың теңге.Микрокредитік ұйымнан.Олар қалай берген. Қол қойғам жоқ.Өзіміз де білмейміз.


Айыппұлдан арылмаған қала тұрғыны   прокуратура мен полицияға да арызданып барған.Тергеушілер Арықовтың атына несие рәсімдеген белгісіз адамға қатысты  қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Қайыржан КҮДЕБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТЕРГЕУШІСІ:


Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 190 бабының 2 бөлімі 4 тармағы, яғни алаяқтық қылмысы бойынша қылмыстық іс тіркелген.Қазіргі уақытта бұл қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде.


Арықовтың мәселесіне қатысты ресми жауап алу үшін  ішкі істер министрлігіне  хат жолдадық.  Баспасөз қызметі жіберген жазбаша  жауапта екі адамға бірдей сәйкестендіру нөмірі берілуі мүмкін емес делінген.

ҚР  ІІМ-НІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:


 Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының ПД қызметтік тергеу жүргізуде, оның нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.
 Екі жеке тұлғаның Жеке сәйкестендіру нөмірінің сәйкес келуіне қатысты мұндай факт болуы мүмкін еместігін хабарлаймыз, себебі жеке сәйкестендіру нөмірі 12 санның бірегей тіркесімі болып табылады, ол жеке адам үшін бір рет құрылады және басқа адамның деректерімен сәйкес келмейді. 
     

Ал Қазбек Атайұлы жеке сәйкестендіру нөмірді одан басқа тағы бір адамның пайдаланып жүргеніне сенімді. Тек оны  дәлелдей алмай дал. Сондықтан бұл мәселені ішкі істер министрлігінің тез арада шешіп беруін сұрайды. Әйтпесе  елордалық сыңарының кесірінен  тағы  да айыппұл арқалауы   мүмкін. Онан да қорқыныштысы  астаналық алаяқ  ауыр қылмыс жасамаса екен деп  уайымдап жүр.

З. Санай