Әуе компанияларындағы жанармай тапшылығы жақын арада реттеледі. Бұл туралы елорда әуежайының баспасөз хатшысы хабарлады. Айтуынша, проблеманы шешу үшін қазір уәкілетті органдармен келіссөздер жүруде. Павлодар мұнай-химия зауыты жұмысын қайта бастағанша, керосинді басқа зауыттардан сатып аламыз, дейді. Айта кету керек, бұл проблема тек Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес. Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады.
Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:
Билетін алып, сапарға шығуға дайын жолаушылардың ұшақтары ұшпай қалуы мүмкін. Екі күннен бері әуе компаниялары жанармайдың жоқтығын айтып дабыл қағуда. Жағдай шынында да күрделі. Мәселе шешілмесе, бірнеше компания әуе тасымалын тоқтатуға мәжбүр.
Тапшылық кешеден бері сезіле бастады. Елорда әуежайында біраз рейс кейінгі қалдырылды. Себеп: ұшаққа құятын керосин жоқ. Жанар-жағармайдың жеткізілуін жауаптылар уақытылы қамтамасыз ете алмай отыр, дейді әуежайдың баспасөз қызметі. Жағдай осылай жалғаса берсе, компаниялар мен әуежай шығынға батуы мүмкін.
"Н.НАЗАРБАЕВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ" АҚ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Қыркүйек және қазан айларында тапшылық пен бағаның күрт өсуіне байланысты 14 мың тоннадан аз жеткізілді. Қазір барлық резерв таусылды. Қарашада жағдайдың қалай болатыны белгісіз. Соңғы келісім-шарттар бойынша авиациялық отын 15-іне дейін келмейді.
Жанар майдан таршылық көріп отырғандардың бірі - "SCAT" әуе компаниясы. Нұр-Сұлтан, Ақтау, Ақтөбеде отын қоры таусылған.
"SCAT" ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Бұл әуежайларда бір-екі күнге ғана жететін жанар май бар. Яғни, бұл қалалардың әуе айлақтары қазіргі уақытта ешбір жағдайда тасымалдаушыларды қамтамасыз ете алмайды. Авиакомпания сыртқы нарықтан жанармай сатып ала алмайды, өйткені ол жақта да оған сұраныс жоғары. Жағдайды реттеу үшін үкіметке жүгінуден басқа амал қалмады.
Ақтөбедегі халықаралық әуежайдың өкілдері "Scat-тың" керосині айдың ортасында таусылғанын жеткізді. Десе де, рейстер тоқтамайды деп сендірді.
Қаламқас ӨТЕҒАЛИЕВА, ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВА АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
"Scat" компаниясын біз қолдаймыз. Бар отынымызбен бөлісеміз. Сондықтан, рейстер тоқтайтындай жағдай болмайды. Неге десеңіздер, аэропорттың өзінде 1100 тонна отын бар. Тағы келесі 2-3 күнде 180 тонна келеді.
Сарапшы Денис Кривошеевтің айтуынша, бұл дүрлікпе- әуе компанияларының қолдан жасап отырған саясаты. Көздегені - керосин жоқ деп билет бағасын қымбаттату, дейді. Оқушылардың демалысқа шыққаны да бір сылтау. Сонымен бірге, компаниялар коммерциялық мүддеге қол жеткізу үшін ақпараттық соғысты бастады, деп есептейді.
Денис КРИВОШЕЕВ, САРАПШЫ, ЖУРНАЛИСТ:
Бес жыл бұрын да дәл осындай жағдай болған. Ұшақтар әуежайда біраз уақыт тұрып қалды. Тек қысқа рейстер ғана ұшты. Міне, оны дағдарыс деуге келеді. Қазіргі мәселе мүлдем басқаша. Әуе компаниялары өзі тұтынатын жанар майға ақша қимайды.
Бүгін Елордаға ұшып келетін 4, ұшып кететін 4 рейс кешікті. Алайда, әуежай өкілі мұндай жағдайларға енді жол бермеуге арнайы шара қабылданғанын айтады. Павлодар мұнай-химия зауыты жұмысын қайта бастағанша басқа зауыттардан керосин жеткізу үшін кесте жасалған.
Әнуар ШАЛЕКЕНОВ, "Н.НАЗАРБАЕВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕЖАЙЫ" АҚ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Қазіргі уақытта елордалық әуежайда әуе керосинінің қалдығы 3100 тоннаны құрайды. Бүгін 3800 тонна әуе керосинін жеткізу бойынша келісімшартқа қол қойылды. Сонымен бірге, оған қаржылай төлем жасалды.
Энергетика министрлігі елде жанармай тапшылығы жоқ деп өтірік-шыны аралас ақпаратты беру дәстүрін бүгін де қайталады. Десе де, әуе қатынасына зиян келуі мүмкін деген болжамдары да бар. Сондықтан, әуежайлар мен әуе компаниялары керосин жетіспеушілігі туындамас үшін оның алдын алуы керек, дейді.Көпшіліктің ведомство жұмысына көңілі толмайды. Әуе қатынасы түгілі көліктердің жанар-жағармайы тапшы, әрі қымбат екеніне наразы.
А. Данияр