Русский Сайттың толық нұсқасы

Шекарада 4 мыңнан астам жүк көлігі мен 8 мыңнан астам вагон тұр

  • AstanaTV
  • 28 қазан 2021
  • 2253

Кәсіпкерлер  шығынға батты. Шығыстағы көршіміз   транзиттік шектеу енгізген. Қазір 4 мыңнан астам жүк көлігі мен 8 мыңнан астам  вагон  Қазақстан мен Қытай шекарасында  тұр. Алыс-беріс тоқтап, ел экономикасы миллиардтаған шығынға батуда. Толығырақ әріптесім тарқатады.

Елордалық кәсіпкер Самат Исабаев мұндай кедергіге 11 жылда  бірінші рет душар боғанын айтады.  Кәсіпорын бас қаладағы дәріханаларды медициналық құрылдармен қамтамасыз етеді. Жоғары  сұранысқа ие тауардың елге кіргізілмей жатқаны  шығынға батырды дейді. Айтуынша, оның бір жарым миллион доллардан астам қаражатқа алған тауары шекарадан бері өте алмай тұр.    

Самат ИСАБАЕВ, КӘСІПКЕР:

Дәл қазіргі дағдарыс жағдайына біз бірінші рет тап болып отырмыз. Бұған дейін сата алмай қиналатынбыз, қазір сататын затымыз  жоқ. Ай сайын түсуі тиіс 130 миллион теңге табыстан қағылып отырмыз. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, тауар жақын күндері келмесе, қараша айында жұмыс орындарын қысқартуға тура келеді.

Қытайдан келетін тауарлардың кешігуінен қазақстандық бизнес 170 миллиард теңгеге шығынға ұшыраған. Көлік иелері  8 млрд теңгеден айрылған.  Сондай-ақ импорттаушылардың айтуынша,  Қытайдың көлік және темір жол тарифтері пандемияға дейінгі  бағаға қарағанда  4 есе  өскен.

Дархан МҰРАТХАНОВ, «АТАМЕКЕН» ҚР ҰКП ЛОГИСТИКА ЖӘНЕ ТАСЫМАЛДАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл жағдай біржақты болмай тұр, өйткені біз былтырдан бері шектеулердің себептері туралы ресми хат алған жоқпыз. Қазір көрші елмен логистика құру мүмкін болмай тұр. Бұл бизнесмендердің алаңдаушылығын тудыруда. Бүгін Қытай теміржолы жоспарға келіссе, ертең белгісіз себептермен жүкті қабылдаудан бас тартады. Бұл, экспортқа да, импортқа да қатысты.

Қытай халық республикасы келісімшартта бекітілген міндеттерін атқарудан бас тартып отырған көрінеді.  Екі ел арасындағы келіссөзде бұл мәселелер шешілгендей болғанмен, іс жүзінде қиындай түсуде.  
 
Георгий КРАВЧЕНКО, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ ЖӨНІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ:

Мұндай жағдайда Қытай тарапымен келіссөздерді көбірек жүргізіп, келіссөздердегі ұстанымдарымызды нығайту керек. Өйткені бұл жағдай соңғы жарты жылда бірінші рет болып тұрған жоқ. Ал жүк көлік тасымалы бір жылдан бері орнынан қозғалар емес.

Экспорттаушылар мен ипорттаушылардан түскен өтініштерден кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл іске өзі араласқан. Содан кейін мәселе сәл шешілген. Бірақ әлі де сенімсіздік бар дейді мамандар.  Себебі көрші ел кез-келген сәтте сөзден тайқып шығуы әбден мүмкін.  

А. Базарбай