Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда жеті жыл бұрын жөнделген көпір қалт-құлт етіп тұр

  • AstanaTV
  • 29 қазан 2021
  • 2006

Қызылжарда қала мен Жұмысшы кенті арасын жалғайтын көпір сыр берді. Нысанның тіреуіштері қақ айырылып, бетіне төселген асфальт ыдырай бастаған. Сондықтан оны құзырлы орындар жауып тастады. Ал өткелмен әрі-бері қатынайтын халық енді не істерін білмей дал. Осыдан 7 жыл бұрын ғана күрделі жөндеуден өткен көпір неге қалт-құлт етіп тұр? Қатынас жолы енді қашан қайта ашылады? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин анықтады.  

Жұмысшы кентінің тұрғындары бүгін ашулы. Қаланың орталығына баратын негізгі көпір жабылғандықтан, жұрт жаяу-жалпылап, жетер жеріне жете алмай қиналуда.   

Светлана ЕВДОКИМОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен қаланың арғы шетіндегі инфекциялық ауруханада жұмыс істеймін. Оған уақытында жету үшін 2,5 сағат ерте шығуға тура келді. Бұл көпірдің жыры біте ме, бітпей ме?

Елена ЛЕОНТЬЕВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

Мен арғы беттегі балабақшадан немеремді алып кетуге бара жатырмын. Жаяу барсам 4 шақырым. Автобус бүкіл қаланы айналып, бір сағат жүреді. Күн суық, жөндеуді жазда жасауға болмады ма?

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Көпірдің   бетон плиталары ажырай бастаған. Тіреуіштер бір-бірінен  алшақтап кеткен. Салдарынан нысанның бетіндегі асфальт та қиғашынан жарыла бастапты. Бұл адам өміріне қауіпті болғандықтан, көпір жабылды дейді билік өкілдері.

Қаладан Жұмысшы кентіне 4 автобус   қатынайды. Қоғамдық көліктер енді айналма жолмен жүруге мәжбүр.  Жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар шығынға  белшеден   баттық дейді. Себебі, күнде   100 шақырым артық жүруде.  

Галина СЕМЕНОВА, «СҚО ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ ОДАҒЫ» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Күніне 7-8 рейс жасайды. Онсыз да бағасы аспандап тұрған дизель отынына қосымша шығындаламыз. Сосын автобустардың арасындағы уақыт ұзарады. Демек, қоғамдық көліктің ұзақ жүретіні өз алдына, тұрғындар автобусты 20 минутқа дейін күтуге мәжбүр болады.


Көпір 1961 жылы салынған. 2014 жылы оның тіреуіштері мен бетон плиталарын ауыстыру үшін жарты миллиард теңге жұмсалған. Жұмыстың кепілдендірілген уақыты өтіп кеткендіктен әкімдік бұрынғы мердігерлерді жауапқа тарта алмайды. Сондықтан  жаңғырту жұмыстарын қайта жүргізу үшін бюджеттен тағы 21 миллион теңге бөлінді.  

Әсем АЙТУЛОВА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
 
Былтыр көпірдің  деформациялық тігісінде ақау пайда болған. Жазда сол жұмыстарды атқару үшін мердігер компанияларға байқау жарияланды. Бірақ ешкім табылған жоқ. Қыркүйек айында ғана "Магистраль" СК компаниясымен қол қойылды. Жұмыстар енді басталады.

Әкімдік өкілдері жөндеу жұмыстарының қашанға дейін созылатынын нақты айта алмайды. Бірақ, бейресми мәлімет көздеріне сүйенсек, негізгі көпір 1-2 аптадан кейін қайта ашылуы мүмкін.

А. Құрманкин