Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда су ағатын арықтар салу кезінде дау туды

  • AstanaTV
  • 02 қараша 2021
  • 2361

Қызылжарда Береке шағын ауданының тұрғындары мен мердігерлердің арасында дау туды. Бұқара көше бойында суағарларды орнатып жатқан компанияның жұмысына шағымданды. Жұрт көктемде үйлерін су басады деп үрейленіп отыр. Дауға айналған көше жайында аймақтағы тілшіміз әңгімелейді.

Жергілікті тұрғын Қорғанбек Темірбеков соңғы екі аптадан бері уайымға салынып жүр. Айтуынша, дәл есіктің алдынан өтетін жаңа суағарлар тасқынның алдын алмайды, керісінше үйді суға батырады.  Себебі, жаңа арықтар жерден биік орнатылған.

Қорғанбек ТЕМІРБЕКОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Суағарлар жерден шамамен 20 сантиметрге биік қойылған. Көшенің суы оған ақпайтыны айдан анық. Су қайда барады? Әрине, үйдің аулаларына кіреді. Үйдің жертөлесін су басуы мүмкін. Осы уақытқа дейін біздің көшенің суы басқа жаққа ағып кететін. Енді не боларын білмейміз.

Тұрғындардың жұмысшыларға базынасы жиналып қалған. Оны шешу үшін мердігерлермен сан мәрте тілдесуге тырысып баққандарын жеткізді. Алайда, тараптар ортақ мәмілеге келе алмай жүр.  

Андрей СОКОЛ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мердігерлер артық қыламыз деп тыртық қылды. Су жоғарыға ақпайды! Екіншіден, жолды тап-тар қып тастаған. Қатарынан екі көлік сыймайды.


Халтурин көшесінде суағарларды орнату жұмысы бір ай бұрын басталған. Арықтың жалпы ұзындығы 800 метр. Коммуналдық кәсіпорын өкілдері бүкіл жұмысты жобалық сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізіп жатырмыз. Ал жобада көшенің еңіс жерлері ескерілмеген, дейді олар.

Дмитрий БАЛАБИН, «СУ ТАЗАРТУ ҚҰРЫЛЫСТАРЫ» ЖШС ИНЖЕНЕРІ:

Көшенің мына аралығы төмендеу орналасқан. Егер біз суағарларды жолға сәйкес етіп төмен қойсақ, көшенің бүкіл суы арнайы құдықтарға емес, осы жаққа ағар еді. Сәйкесінше тұрғындарды су басады. Сондықтан бұл жерде жолды деңгейін көтеру керек. Бұл бөлек жұмыс. Біздің жобада ондай шығын қарастырылмаған.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
 
Енді жолдың деңгейін көтеру үшін тағы бір жоба қажет көрінеді. Бұл жұмыстың биылғы жылдың бюджетінде қарастырылмаған. Қалалық әкімдік өкілдері оны келесі жылға қалдыратынын мәлімдеді. Ал тұрғындар көктемге дейін шелек пен су соратын құрылғы сайлап, тасқынға әзірленіп жатыр.

А. Құрманкин