Жеке сот орындаушылардың жұмысы күмән тудырды. Олар борышкермен ауыз жаласқан болуы мүмкін. Сот орындаушылар қарызы бар адамға мүлкін сатып, сыйлап немесе біреуге рәсімдеп үлгеруге көмектесуі ғажап емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіні төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, жеке сот орындаушылар жүйесі енгізілгелі, пара алу дерегі азайған. Сот орындаушылардың үштен екі бөлігі - жеке. Сондықтан оларға жемқорлыққа қарсы заң жүрмейтін көрінеді.
Алик Шпекбаев, ҚР Мемлекетік қызмет істері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:
Азаматтардың шетелге шығу қажеттілігінің басы-қасында парақорлықтың тұтас жүйесі тұр. Бұл сот орындаушылар үшін өзіндік бір қосымша қаражаттың көзіне айналған. Мысалы, ШҚО-да Жаңасемей өңірлік сот актілерін орындау бөлімінің басшысы шетелге шығуды тыюды алып тастауды жеделдету үшін, 160 мың теңге көлемінде пара алған. Жалпы жылына 20-ға жуық сот орындаушы түрлі құқық бұзушылыққа барғаны үшін темір торға тоғытылады.
Спикер сонымен қатар, сот орындаушылардың заңсыз баюына әкелетін әдістердің бірі - мүлікке тыйым салу екенін айтты. Мысалы, Ақтөбе облысында өндіріс сомасы 268 миллион теңге бола тұра, кәсіпкердің 28 миллионды құрайтын барлық мүлкі бұғатталған. Әділет министрлігіне мұны заңмен реттеу туралы ұсыныс түсірілген.