Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда трамадол препараты ашық сатылып жатыр

  • AstanaTV
  • 04 қараша 2021
  • 3127

Оралда пайда табуды көздеген пысықтар «трамадолды»   ашық саудалап, үйінен сатып жатыр. Негізінде бұл препаратты алу үшін дәрігердің рұқсаты керек. Бірақ бұл істі бизнеске айналдырғандар оған  көз жұма қарап, ойына келгенін істеуде. Ал тіпті қорқыныштысы, трамадолды көбіне мектеп оқушылары мен колледж студенттері алатын көрінеді . Еркін Кариннің репортажы.

Бұл дүкенде  күндіз көтерме бағамен жеміс-жидек сатылады. Ал кешкісін трамадол саудасы қызады.  Қауіпті препарат негізі дәрігердің рұқсатымен ғана берілуі  тиіс. Бірақ мұны елемеген сатушы 500 теңгенің дәрісін 2500 теңгеге сатып жатыр. Алушылардың дені - өрімдей жастар. «Әмбебап дүкеннің» өкілі «саудама кедергі жасама!» деп бізді маңайына жолатпады.

16 жастағы Дәурен - осы жердің тұрақты тұтынушысы. Бозбалаға уытты дәрінің әсері ұнағанымен, бағасын қалтасы көтермеген. Сосын бұл әуестігін доғаруға мәжбүр болыпты.

Дәурен,  КОЛЛЕДЖ ОҚУШЫСЫ:

 
Әсері оның адамды шаршатпайды. Ұйқың келмейді, шаршамайсың мүлдем. Интерес үшін қолдандым. Балалар ақша ұрлайды, телефон тартып алады. Біреуге кредит алғызады. Көп жамандық істейді сол үшін.


Үш сағатта «Трамадол» сатылатын үш жерге бардық. Сатушылардың әбден еркінсіп алғаны соншалық,   тіпті камерадан да қаймықпайды.

Ресей мен Өзбекстанда бұл дәрі есірткі саналады, қолдануға тыйым салынған. Ал Қазақстанда трамадолды заңсыз сатқандарға берілер жаза - 14 мың теңге айыппұл ғана. Олардың дәріні өз бағасынан қымбатқа сататынын ескерсек, шығынын санаулы сағатта қайтарады. Құзыры заңмен тұсалған полицияның өзі бұл бизнесті тоқтатуға дәрменсіз.

Елдос НАЗАРОВ, БҚО ПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:


Көрсетілген мекенжайлар бойынша қылмыстық іс қозғалып, тінту әрекеттері жүргізілді. Көрсетілген адрестерден трамадол дәрілері тәркіленіп, экспертиза тағайындалып, олардың есірткі құрамында жоқ болуына байланысты әкімшілік хаттама толтырылып, қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетті. Дәріханаларда сататын болса, лицензиясынан айыру бойынша басқаша жұмыстанады.


Трамадолдың зияны героиннен кем түспейді. Наркологтардың айтуынша,  бұл дәріні пайдаланушылар жылдан жылға көбейіп барады.

Майра МЕДЕТОВА, ДӘРІГЕР-НАРКОЛОГ:

Есірткі қымбат болғасын, трамадолды арзанға алады. Бұл дәрінің адамға зияны орасан. Адамның шашы, тісі түсіп, ашуланшақ бола бастайды. Ата-аналардың көбі мектеп жасындағы баласының трамадолға тәуелді екенін білмейді. Негізі бұл дәрі онкологиялық ауруы асқынғандарға беріледі. Ауыр науқастар күніне бұл дәрінің екі таблеткасын ішеді. Ал нашақорлар кемінде 25 таблетка қабылдайды. Трамадолға тәуелділердің емделуі өте қиын.


Трамадолды дәрігердің рұқсатынсыз сататын дәріханаға тексерушілер кез-келген уақытта төтеннен бара алмайды.  Ол үшін арнайы рұқсат алуы керек. Сондай-ақ  тексеретіні туралы мекемеге бір күн бұрын хабарлауы міндетті.  Ал дәрі сатушы «пәле» препаратты олар келем дегенше жоқ қылатыны белгілі. Сондықтан бұл мәселені шешу қиын болып тұр дейді құзырлылар.  

Е. Карин