Русский Сайттың толық нұсқасы

Зымырандарды көктемде ұшырмау керек,-М.Бақтиярұлы

  • AstanaTV
  • 11 қараша 2021
  • 1539

Көктемде зымыран ұшырмау керек. Бұл Байқоңыр аймағы тұрғындарына кері әсер етуде. Өзекті  мәселені бүгін  Сенат  депутаты Мұрат Бақтиярұлы көтерді. Өйткені зымыран ұшырылғаннан кейін  ғарыш айлағына жақын елді-мекендерде бір аптаға дейін ауа-райы бұзылады. Ал бұл құрғақшылыққа әкеледі. Мал мен егін шаруашылығына зардабын тигізуде деді  сенатор. Бұған  жауапты министрлік   не дейді? Толығырақ тілшіміз Бекболат Сатуовтың материалында.

Сенаттың кезекті отырысында "Байқоңыр" ғарыш айлағына қатысты заң жобасы қаралды. Оны Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин таныстырды. Ғарыш айлағы туралы сөз қозғалғаны сол еді сенатор Мұрат Бақтиярұлы жауапты министрлікті әлі күнге дейін шешімін таппаған бірнеше басы ашық мәселеге назар аударуын сұрады. Соның бірі -зымырандарды көктемде ұшырмау мәселесі. Өйткені әрбір ұшырылым ғарыш айлағына жақын орналасқан ауыл-аймақтардың табиғатына кері әсер етіп жатыр деді сенатор.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:


Көктем айларында ылғалды болған жерлерде жақсы шыққан шөпті және жерді осы үздіксіз соққан жел кептіріп жібереді. Бұл мал мен егін шаруашылығына зардабын тигізіп жатқан қалыпты құбылысқа айналды. Сондықтан да біздің сайлаушыларымыз мүмкіндік болғанша Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшатын зымырандарды көктем айларында ұшырмауды сұрайды.


Жергілікті тұрғындар да осыны сұрайды. Денсаулыққа кері әсері барын айтады.

БЛИЦ:

- Шаңы борап, желі аспаға көтеріліп, бала-шағамызға қиын.
- Ұшқан кезде кәдімгідей давлениеміз көтеріледі. Сосын мынау ауа-райы да алай-дүлей болып кетеді ғой.
-Егінге де жел болғаннан кейін сеуіп жатқан дәнді-дақылдарды ұшырып кетуі мүмкін.


Сенатордың айтуынша, сондай-ақ, соңғы 15-20 жылда Қызылорда облысы  тұрғындарының арасында қан-тамырлары аурулары көбейген. Бұған  аса улы отын гептилмен ұшатын Протон зымырандары апаттарының үлкен әсері болды дейді. Сондықтан  депутат жергілікті тұрғындардың  денсаулығын нығайту үшін, емдеу сауықтыру мекемелеріне баруы үшін  арнайы қаражат бөлу керек екенін айтты.  Бірақ жауапты министрлік алдағы жылдары гептилге қатысты мәселе шешімін табатынын жеткізді.

Бағдат МУСИН, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:


Протонның ішінде гептил бүгін бар. Гептилдің әсері бүгін толық зерделенді.Ол зерделеудің нәтижесін сізге бере аламыз. Бірақ мен ойлаймын бұл қазір қоғамды серпіліс тудыруы қажет емес. Өйткені келістік 2025 жылдан бастап протон қолданылмайды.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:


Сенатта Байқоңыр ғарыш айлағына байланысты Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық құқықтық қатынастарды реттейтін заң жобасы мақұлданды. Өйткені министрлік тарапынан ұсынылған құжат болашақта кешенге салынған мемлекеттік инвестицияны қайта өндіріп алуға мүмкіндік береді.

Б. Сатуов