Алматы облысында 30 жылда он төрт жарым миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл туралы бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мәлімдеді. Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында аймақ айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Өнім көлемі ұлғайған, бюджетке түсімі еселенген. Сондай-ақ әкім биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша экономиканың барлық саласында тұрақты өсім болғанын айтты.
Амандық БАТАЛОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Жалпы өңірлік өнім көлемі 35 млн теңгеден 3 трлн 700 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Өнеркәсіп өнімін шығару 9,5 млн теңгеден 1 трлн 200 млрд теңгеге дейін өсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі биыл 1 трлн теңгеден асады деп жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ, Алматы облысында құны 290 млрд теңге- 9 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың барлығы жоғары технологиялы, әрі экспортқа бағытталғанын айтты. Сонымен қатар Алматы облысында 2025 жылға қарай қант қызылшасы алқабын 53 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Нәтижесінде өндіріс көлемін екі миллион тоннаға жеткізу жоспарда бар.
Б. Сатуов