Русский Сайттың толық нұсқасы

Шенеуніктер "Pfizer" вакцинасын балаларына салғыза ма?

  • AstanaTV
  • 12 қараша 2021
  • 2111

Денсаулық сақтау министріне халықтың пікірі маңызды емес. Алексей Цой өзін отставкаға кетуі керек деп есептейтін жұртқа  берген жауабы осы. Ал бүгін елімізде  жасөспірімдерге "Pfizer" екпесін салу  басталды.  Вакцина алуға үгіттеп жүрген шенеуніктер халыққа үлгі болу үшін өз балаларына оны салдыруға дайын ба? Әріптесім Асылбек Данияр ведомство өкілдеріне осы сұрақты қойын көрген еді.

Алматыда "Pfizer"-ді алғашқы боп - 13 жастағы Айтуар мен 15-тегі Карима. Жағдайлары қалыпты, кері реакция  жоқ. Аналарының айтуынша, вакцина балалардың денсаулығы үшін маңызды және басқа елдерге баруға мүмкіндік береді.

Саида ТАУКЕЛЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біріншіден, бұл біз үшін жақсы жаңалық болды. Бізге ақпарат берілді. Екіншіден, менің шетелде тұратын туыстарым жазда осы вакцинаны салдырды. Бәрі жақсы, халықаралық тәжірибе де тиімді екенін көрсетіп отыр ғой.

Министрлік өкілдері балаларды вакциналауға қорқып отырған жоқ. Зияны жоқ, керісінше пайдасы көп, дейді. Айтуларынша, АҚШ препараты әлемнің 15-тен астам елінде жасөспірімдерге салынып жатыр. Қазақстандықтар алдында мақтауын келтірген екпені шенеуніктер өз балаларына салдырды ма? Сұрақты өздеріне төтесінен қойдық.

"Pfizer" біздің елде 12 мен 18 жас аралығындағы балаларға егіледі. Олардың қанша екені әзірге белгісіз. Министрлік те оны білмейміз деп отыр. Тәжірибеге сәйкес,  бұл  вакцина Қытайда 3 жастан бастап, АҚШ-та 5 жастан асқандарға салынып жатыр. Ал иммундалған жеткіншектерге  вакциналау паспорты беріле ме?

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Вакцина алған балалардың енді паспорты болатын болады. Бірақ, сол балаларды қазір "Ashyq" жүйесіне енгізу жөнінде сұрақ әлі қарастырылған жоқ. Ол, мына ведомствоаралық комиссияда қаралатын болады.

Осыған дейін екпе алғандар үшін 22 қарашада ревакцинация басталады. Ол әркімнің  өз еркіне беріледі. Салдырса да, салдырмаса да,  "Ashyq-тағы" жасыл статусы  сақталады. Коронавирусқа қарсы вакцинаның қос дозасын салдырғандар үшінші рет кез- келген препаратты таңдауға құқы бар. Елде екпені ең бірінші салдырған вице-министр қайсысын  таңдар екен?

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазан айында мен коронавирустық инфекциямен ауырып шықтым, жеңіл түріменен. Сондықтан, қазір мен бұл ревакцинацияны үш айдан кейін аламын. Мен "Sputnik V" вакцинасын алған соң келесі ревакцинацияны өзім белсенділігі жойылған вакцинаны алуды жоспарлап отырмын. "QazVac" вакцинасын аламын.

Алексей Цой  отставкаға кетуі керек деген халыққа берген жауабы мынау:

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Бұл мен үшін қалыпты жағдай. Жұмысымды әрі қарай істей беремін, маған зиянын да тигізбейді. Мен кез-келген азаматтың  пікіріне құрметпен қараймын.


"Pfizer" вакцинасы қанша теңге тұрады? Денсаулық сақтау министрі бұл туралы жақ ашпады. Бірақ  кейбір сайттарда   екпе ашық саудаға шығып үлгерген.   2 дозасы -50 000 теңге. Ал вакцинаны кез-келген адам  ақылы түрде салғыза ала ма?

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Десе де, қазіргі уақытта шетел вакциналары қолжетімді, өзімізде бар. Біз қазір қажетінше барлық адамға екпе салып жатырмыз. "Pfizer" бойынша әріптестеріміз жұмыс істеп жатыр. Ол туралы қосымша хабарлаймыз.

Бұл-екпеден кейін қайтыс болғандар саны. Әрқайсысының өлім себебі әр түрлі. Ал вакцина салып ауырғандардың саны қанша?

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Вакцина алғандардың арасында 40 734 адам ауырды. Оның ішінде 10 082 бірінші компоненттен соң, ал екінші компоненттен соң 30652. Вирус жұқтырғандардың көбісі - "Sputnik V" екпесін алғандар.


Оқу жылы басталғалы 22 мыңнан астам оқушы коронавирус жұқтырған. 12 мың сынып карантинге жабылыпты. Министрлік  мектептегі эпидахуалды тұрақтандыру үшін Pfizer-ді салдыруға кеңес береді. Тағы да қайталап айтайық,  екпе міндетті түрде тек  ата-ананың рұқсатымен салынады.

А. Данияр