Русский Сайттың толық нұсқасы

Абай шахтасындағы апаттан аман қалған кеншілер зейнет жасын азайтуды сұрайды

  • AstanaTV
  • 15 қараша 2021
  • 1925

Абай шахтасындағы апаттан аман қалған кеншілер қауіпті өндірістерде жұмыс істейтіндерді 55 жаста зейнетке шығаруды сұрайды. Бүгін ауруханадан шыққан екі шахтер БАҚ өкілдері арқылы үкіметке осындай ұсыныстарын жеткізді. Олардың айтуынша,  ауыр еңбек жағдайында, әсіресе кен орындарында жұмыс істейтіндер көбі зейнет жасына жетпей- ақ көз жұмады. Мұнан өзге де өзекті мәселелер бар. Толыңырақ өңірдегі тілшіміз Айжан Қуаш айтады.

Жеңіс Маралбаев 30 жыл жер астында көмір қазған. Қазір 58 жаста. Зейнетке 4 жыл қалғанда күтпеген жағдайға тап болды. 7- інші қараша күні Абай шахтасында кенет тараған метанға уланып, аурухананың  жан сақтау бөліміне түскен. Аман қалғаныма шүкір,- дейді. Алайда енді жұмысқа шықпайтынын айтты. Өйткені кеншінің денсаулығы  әлі де мәз емес.

Жеңіс МАРАЛБАЕВ, КЕНШІ:

Менің аяғымнан бастап ауырмайтын жерім жоқ. Енді мына жағдайдан кейін жер астына түсетін денсаулық қалмады. Әйтпесе қорқып тұрғам жоқ, біз үйреніп кеткенбіз. Зейнетке шығуыма 4 жыл қалса да енді жұмысқа бармаймын. Көбі зейнет жасына жетпейді. Қайтыс болып кетеді. Сондықтан 55 жаста зейнетке шығару керек.

62 жастағы Элайдын Зейналов та енді жұмыс істегісі келмейді.  Зейнетке шығуына бірнеше ай ғана қалған ол шахта қауіпті болса да оны қауіпсіз ету адамның қолында дейді. Сондықтан  кен орындарының техникалық жағдайын жақсартуды сұрайды.

Элайдын ЗЕЙНАЛОВ, КЕНШІ:

Шахта қашанда қауіпті болып қала бермек. Алайда оның жұмысын қауіпсіз етуге болады. Жастарға жұмыс керек қой. Бірақ оны жаңартып отырмаса болмайды.

Кеншілер   өмірлеріне араша түскен құтқарушылар мен дәрігерлерге шексіз алғыс айтады. Бірақ проблемаларды да реті келіп тұрғанда билікке жеткізуді жөн санапты.  Оларға "Арселор Миттал Теміртау" әлі ешқандай өтемақы төлемеген. Бұл мәселені арнайы комиссия қарап жатырған көрінеді.  Ал дәрігерлер науқастар ауруханадан шыққанымен, оларға әлі біраз уақыт ем қажет екенін айтты.    

Сәуле СМАҒҰЛОВА, Х.МАҚАЖАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨП САЛАЛЫ АУРУХАНА ТОКСИКОЛОГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Жағдайлары жақсы, бірқалыпша, невропатолог, терапевтармен қаралады амбулаторлық участоктарда.Қазіргі жағдайда жұмысқа шыға алмайды.Тағы бір 2-3 аптадай поликлиникасында наблюдениеде болу керек.

Апат салдарынан уланғандардың бірі -кенші Исмаил Мадрамов та бүгін ауруханадан шықты. Ол жапа шеккендерді ескертем деп есікке жақындағанда  метан газына уланған.  Бірақ оны үйіне барған соң ғана білген.   «Қорғау» кәсіподақ ұйымының мәліметінше, "Арселор Миттал Теміртаудағы" келісім комиссиясының отырысында   апаттан опат болған 6 кеншіге ескерткіш   қою туралы ұсыныс жасалған. Облыс әкімі төрағалық еткен отырыста көмір және болат департаментінің жұмыскерлеріне мемлекеттен субсидия беру арқылы жеңілдікпен ипотекалық баспана берілетін болыпты. Ал жалақыны өсіру мен қауіпсіздікті нығайту сұрақтары  әлі қаралып жатыр дейді.   Қазір "тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу" бабымен тергеу жалғасуда.  

А. Қуаш