Елімізде алты мыңнан астам балада аутизм белгілері бар. Бұл тек ресми дерек. Көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін. Ал ол балалар қоғамнан шет қалмауы керек. Сондықтан елімізде инклюзивті кабинеттер балабақшаларда да ашыла бастады. Пилотты жоба әзірге елордада екі балабақшада жұмыс істеп тұр. "Нәтиже жаман емес",- дейді мамандар.
Санжардың аутизм спектрінде ауытқуы бары екі жасында байқалған. Бүлдіршін сөздерге құлақ аспаған, балалармен ойнамаған. Мамандар тексеруінен кейін оның бойында аутизм белгілері бары анықталыпты. Бір реттік оңалту нәтиже бермеген. Санжардың анасы ізденіп жүріп, балабақшада ашылған арнайы кабинет туралы білген."Нәтиже жақсы, қуанып отырмыз", – дейді.
Динара, САНЖАРДЫҢ АНАСЫ:
Ол балалармен ойнап, басқаларға назар аудара бастады. Ол қазір өзі туралы толық айта алады. Одан атын, жасын сұрасаңыз мүдірмей жауап береді. Дәретханаға да өзі баруды үйренді. Оған біз қуаныштымыз.
Қазір елімізде аутизм диагнозы үш пен жеті жас аралығындағы балақайларға қойылады. Ал дамыған елдерде одан ерте анықталады. Бұл балаға тәуелсіз және толық өмір сүруге кепілдік береді,- дейді мамандар. Сондықтан балалар психиатры Татьяна Дегтяр ата-аналарға назар аудару керек белгілерді атады.
Татьяна ДЕГТЯР, БАЛАЛАР ПСИХИАТРЫ:
Көбіне балалар сөйлеуде кері кетіп жатады. Мәселен бала әке, ана деп алғашқы сөздерін айта бастайды. Бірақ кейіннен ол айтқан сөздерін ұмытады. Бір нәрсені қайталай беруі мүмкін.
"Болашақ" қоры соңғы он жылда елімізде 50-ге жуық инклюзивті кабинет ашты. Бастапқыда тек мектептерде ғана қолға алынған жоба, қазір балабақшаларда да жүзеге асырылуда.
Жанна ҚАЛИЕВА, "БОЛАШАҚ" КҚ "ӘР БАЛА МЕКТЕПКЕ ЛАЙЫҚ" ЖОБАСЫНЫҢ КУРАТОРЫ:
Әр баланың педагог-көмекшісі бар, ол оны сүйемелдейді және оған барлық процестерге қатысуға көмектеседі. Бұрын балалар топтаса да алмайтын. Кемшіліктер жеке сабақтарда толтырылады.
Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде аутизм белгілері барбалалар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Халықаралық ұйымның дерегінше, әлемде әрбір 54-ші бала психикалық бұзылумен туатын көрінеді.
Б. Сатуов