Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауыл кітапханаларының жайын кім ойлайды?

  • AstanaTV
  • 16 қараша 2021
  • 1457

Ыбырай, Ахмет сынды алаш арыстары туған Тобыл-Торғай өңірінде руханият ошақтарының ісі оңға баспай тұр. Анығырақ айтсақ ауыл кітапханаларының басым бөлігі  жарықсыз, жылусыз қалған. Ал кітапқұмар тұрғындар пештің айналасына үймелеуге мәжбүр.

Бұл - Сарыкөл ауданына қарасты Остров ауылындағы кітапхана. Руханият ошағы орта мектепте орналасқан. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Бір қызығы ауыл кітапханасы, күн жарығымен ғана жұмыс істейді. Өйткені мұнда электр жарығы жоқ.

Валентина КУЧЕРЕНКО, ОСТРОВ АУЫЛЫНЫҢ КІТАПХАНАШЫСЫ:
 
Қатты дауылдың кесірінен жарықтан біржолата ажырап қалдық. Электр сымдары салбырап тұр. Қазір сағат 10-нан бастап жұмыс істейміз. Бізге күндізгі жарықтың өзі жетіп жатыр.

Соналы ауылындағы жағдай да дәл сондай. Кітапхана іші қараңғы. Рита Шаяхметова оқырманға қажетті оқулықтарды табу үшін ұялы телефонның жарығын қосады. 2036 кітап қоры бар. 160 оқырман жиі келеді. Олар тоңып қалмас үшін таңның атысымен пеш жағып, жылытып қоям , дейді кітапханашы.

Рита ШАЯХМЕТОВА, СОНАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ КІТАПХАНАШЫСЫ:


Мен жарты ставкада істеймін. Сағат 10-нан 14:30-ға дейін істеймін. Пешті өзім жағамын. Ағашты, көмірді кітапхана әкеліп береді КАМАЗбен түсіреді.  

Оқырмандар кітапхананың ахуалына алаңдайды. Тіпті төбесі опырылып, үйінді астында қаламыз ба деп үрейленеді. Бірақ ауылдағы жалғыз руханият ошағы осы жер болғандықтан мұнда жиі келуді әдет қылған.

Айсана ӘБДІНАЗАРОВА, СОНАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әдебиеттер бар балалар үшін. Жас мұғалім ретінде келіп тұрамыз. Маған керек ақпараттар бар. Сол себепті бұл кітапхана бізге маңызды. Керек.

Ауылдағы кітапхана алты жыл бұрын мектеп ғимаратынан жер үйге көшірілген көрінеді. Аудан басшылығы ескі нысанды апатты деп тануға асықпай отыр. Сондықтан жөндеу жүргізілуі екіталай.

Данияр ШӘРІПБАЕВ, САРЫКӨЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кітапхананы мектеп ғимаратына қайта көшіру жоспары бар. Кіретін бөлек есігі де болады. Санитарлық талап сондай. Қысты осы ғимаратта өткеретініміз анық. Оған көмір, отынымыз жеткілікті.


Сарыкөл ауданы бойынша  24 кітапхана бар. Соның жетеуі пешпен жылытылады. Пештің мәселесі бір жылдың ішінде толық шешімін табады деп сендірді жергілікті билік. Ал электр жарығын жақын арада ретке келтіреміз деп уәде етті.

З. Санай