Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтаулық «ҚазАзот» отыз жылда іргелі кәсіпорынға айналды

  • AstanaTV
  • 17 қараша 2021
  • 1314

Ақтаудағы «ҚазАзот» зауытында модернизациялаудың үшінші кезеңі аяқталуға жақын. Еліміз тәуелсіздік алған кезде шығынға шаш-етектен батқан кәсіпорын бүгінде еңсесін тіктеп, іргелі ұйымға айналды. Еліміздегі селитра өндірісінің көшбасшысы саналатын «ҚазАзот» бүгінде ішкі нарықтың 40 пайызын қамтамасыз етеді. Компанияны толық модернизациялау үшін, шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Егер бұл іс уағдаластық жүзеге асса, кәсіпорынның қуаты артып, отандық ауыл шаруашылығы саласының сұранысын өтеуге мүмкіндік береді.

«ҚазАзот» – Қазақстандағы ең ірі тыңайтқыш өндіруші. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 409 мың гектардан астам аумаққа минералды тыңайтқыш пайдаланылған. Ал биыл мекеме басшылығы 370 мың тонна аммиак пен аммиак селитрасын өндіруді жоспарлап отыр. Жұмыс жолға қойылған кәсіпорын жыл соңына дейін өз рекордын жаңартпақ. Салыстырар болсақ, осыдан 10 жыл бұрын зауыт жылына небары 50 мың тонна селитра өндіретін.

Арман МӘУЛЕШЕВ, «ҚАЗАЗОТ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ:

2010 –жылда өндіріс көлемі 50 мың тонна аммиян силитрасын шағырамыз. Бүгінгі таңда 370 мың ға шықтық, жылдың көлемі. Біздің болашақ жоспарымыз келесі жылы 400 мыңға шығу 5 жылдың ішінде 500 мың тоннаға шығару, аммиак силиатрасын.


Зауыт келер жылдан бастап, жылына 500 мың тонна селитра өндіруді жоспарлап отыр. Қондырғылардың жаңартылуы бұл істі жеңілдетті. Айтпақшы, зауыт электр қуатын өзі өндіреді. Осылайша өз қажеттілігінің 70% қамтамасыз етуде.

Дауіржан ЖҰМАБЕКОВ, «ҚАЗАЗОТ» АҚ ТЕХНИКАЛЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Дәл қазір біз тұрған жер газ поршенді электр станциясы, бұл кешеннің негізгі міндеті біздің өндірісті электр энергиямен қамтамасыз ету. Бұл қондырғы бізді 70 пайыз жеке өзіміздің электр қуытымызбен қамтамасыз етіп тұр.

Ісі өрге басқан мұндай кәсіпорындар өңірдің дамуына сүбелі үлес қоспақ,-дейді жергілікті атқамінерлер. Сондықтан мұнайлы Маңғыстау өңіріндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді.

Бекбол ОРЫНБАСАРОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз өңдеу өнеркәсібін 3 пайыздан 6 пайызға жеткіздік. 1991 жылдан бастап егемендік алғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі өнеркәсіп саласында өндірудің көлемі 6 млн-нан 2,6 трил тенгеге жетті. Бұл енді үлкен көрсеткіш.

Сала өкілдерінің айтуынша, Қазақстанның әлеуеті артқан сайын ел экономикасының барлық саласында осындай ірі корпорациялар көбейе бермек.

Е. Карин