Батыс Қазақстан облысында аудандар әкімсіз, басқармалар басшысыз отыр. Мысалы, өңірдің Теректі мен Тасқала аудандарына екі айдан асса да, әлі әкім тағайындалмады. Тіпті бір жылдан бері бірнеше облыстық басқарманың басшысы жоқ. Бұл аздай, облыс әкімінің екі орынбасарының да орынтағы бос тұр. Бұған не себеп? "Б" корпусында білікті маман тапшы ма, әлде кадрдың қадірі кетті ме? Мәселені тілшіміз таразылап көрді.
Теректі ауданының әкімсіз отырғанына екі айдан асты. Бұрынғы басшысы Арман Өтеғұлов облыс әкімінің біріншісі орынбасары болып тағайындалды. Орнына әлі ешкім келмепті. Әкім Тасқала ауданында да жоқ. Зейнет жасына бір күн қалғанда экс-әкім Алдияр Халелов облыстық табиғи ресурстар басқармасына басшы боп ауысты.
Ілес ҒАБДУЛЛИЕВ, ФЕДОРОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мен мында көшіп келгелі 20 жыл болды. 11 әкім ауысты. Бір де бір әкімді көрген жоқпын. Халықтың алдына шығып, сөйлегені жоқ. Тығылып алады конторға.
Бүгінде аудан түгілі, облыс әкімі орынбасарларының да орны бос тұр. Бірі қарауындағы қызметкер пара алып, сотталғаны үшін қызметінен кетсе, енді бірі жол құрылысын қадағаламағаны үшін Президент сынына ұшырап, орнын босатты.
Бауыржан ХАЛИОЛЛА, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
Ғали Есқалиев әкім болып келгенде біз бөркімізді аспанға атып қуандық. Алайда ол қуанышымыз су сепкендей басылды. Неге? Өйткені кадрлық дағдарыс белең алып кетті. Өзі қолымен тағайындаған төрт орынбасары қызметінен кетті. Міндетін атқарушы деп қояды ұзақ уақыт. Өй, ол міндетін атқарушы деген мойнына ешқашан жауапкершілік алмайтын адам.
Бұл аздай, облыс әкімінің тағы бір орынбасары Аманжол Алпысбаевтың ісі қазір Жоғарғы сотта қаралып жатыр. Мемлекеттік қызмет істері департаменті шенеуніктің кәсіпкерлікпен айналысқанын анықтапты. Білікті мамандардың басшылыққа барғысы келмейтінін мемлекеттік қызмет істері агенттігі де айтып отыр.
Ғалым ТҰРСЫНБАЕВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ БҚО ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫ:
Біздің есебіміз бойынша орта есеппен конкурсқа қатысу деңгейі 1-1,2 адамды құрайды. Яғни, кейбір конкурстарға бір адам қатысады, кейбір жерлерге мүлдем қатыспайтын жағдайлар кездеседі өкінішке қарай.
«Мемлекеттік қызмет туралы заңға» сәйкес, облыс әкімінің орынбасары, аудан әкімдері мен басқарма-департамент басшылары 3 айдың ішінде тағайындалуы тиіс. Әйтпесе бұл жағдай ұжымның ішкі тәртібі мен жұмысына кесірін тигізуі мүмкін.
Е. Карин