Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордалық отбасы мұқтаж жандарды киім-кешекпен қамтып отыр

  • AstanaTV
  • 19 қараша 2021
  • 2222

Елордалық отбасы қайырымдылық дүкенін ашып, таршылық көрген жұртқа жәрдем беріп жүр. Киілген киімдерді жуып, тазалап, мұқтаждарға тегін береді. Ал кейбір адамдар тауарды өте арзан бағаға сатып алады. Сұраныс жоғары болғандықтан,  олар қалада 3 дүкенді іске қосқан.  Ерлі-зайыптылардың айтуынша,   мақсат  табыс табу емес,  онкологиямен ауыратын балалардың еміне қаражат жинау.  Толығырақ тілшіміз Динара Жарқынбек айтады.

Динара ЖАРҚЫНБЕК, ТІЛШІ:

Мына дүкенде шамамен 2000 аса киім бар. Бұл киілген киім-кешек. Оны жақсылық жасаймын деушілер өздері алып келеді. Қыстық, жаздық болсын керегіңді табуға болады. Дегенмен, кез -келген адам мұны ала бермейді. Көпбалалы отбасылар,  жалғызбасты аналар, мүгедек балалар ғана тегін алуға құқылы. Күніне 10 жуық мұқтаж келеді екен.

Олар  алдымен әлеуметтік жағдайын растайтын құжаттарын жіберуі керек. Келісім шарт жасалады, сосын ғана  киім алуға тіркеледі. Тек Елорда  емес,  өзге де аймақтардан келетін тұрақты тұтынушылар бар дейді.
 
Әсемгүл КЕРЕЙБАЕВА, ДҮКЕН ИЕСІ:
 
Магазинде әр киімде бағалары бар. 100 тг-ден басталады, 5000 тг-ден аспайды. Мұқтаж адамдар келсе, оның ішіне барлық мұқтаждарды кіргізген жоқпыз. Белгілі бір категорияларды ғана алдық. Олар өздері біледі, қандай киім алам десе де. Аяқ киім алам десе де.  


Қазір 3 дүкенде  8 мыңнан астам киім бар. Балалар киімін де, ересектерге арналғанды да   табуға болады. Қала тұрғыны Константин Котрук дүкенге жиі келетінін айтады. Осы жерден үнемі киім алатын тұрақты тұтынушы  тауардың сапасына көңілім толады дейді.

Константин КОТРУК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

 
Кейде адамдар таза киімдерін тастап жатқандарын көрем. Одан да осындай дүкендерге алып келсе, керек еткендер алады ғой. Мен осы жерден таза, жақсы киімдер көріп аламын. Киюге болады. Осындай дүкендер көбейіп, үлкейе берсе деймін.


Керейбаевтар жанұясы қайырымдылық  дүкендерін енді  қала маңындағы ауылдарда  ашуды жоспарлап отыр. Және  әрбір тұрғын үй кешенінде кимейтін киімдерді салуға арналған арнайы жәшік орналастырмақ.    

Д. Жарқынбек