Русский Сайттың толық нұсқасы

Ревакцинация жүргізуде "Спутник V" вакцинасы қолданылмайды

  • AstanaTV
  • 22 қараша 2021
  • 1993

Бүгін коронавирусқа қарсы қайта вакциналау басталды. Ревакцинацияға бірінші кезекте халықтың осал топтары жіберіледі. Олар- медицина қызметкерлері, педагогтар мен құқық қорғау органдарының мамандары. Ал қалған азаматтар келер жылдың қаңтарынан бастап, екпенің толық курсын аяқтаған мерзіміне қарап салдырады. Бірақ, қайта вакциналауда "Спутник V" екпесі қарастырылмаған. Оған не себеп? Әріптесім Асылбек Даниярдың материалында толығырақ.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Қазақстанда вакциналаудың ең алғашқы күні, яғни 1 ақпанда 2 мыңнан астам адам екпе салдырған еді. Ал ревакцинация көрсеткіші бұған жете ме, жоқ па ол жағы белгісіз. Өйткені, қайта екпе алу әркімнің өз еркінде. Бастысы, індетке қарсы анти-дене жеткілікті мөлшерде болса болғаны.

Ревакцинацияны алу тәртібі өзгерген жоқ. Әдеттегідей, алғы шептегі мамандар салдырады. Министрліктің мәліметінше, барлық екпе егу пункттері науқанға дайын. Соның бірі - Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 қалалық емхана.Бүгін мекеменің 80-нен астам қызметкері қайтадан екпе алды. Ниеттілер үшін Қытайдың 2 түрлі препараты қолжетімді.

Майра АХМЕТОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. №2 ЕМХАНА ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің ұйымның жұмыс істейтін адамдары, дәрігерлеріміз бен медбикелеріміз таңнан бастап ревакцинация алып жатыр. Біздің поликлиникада 3 мыңның көлемінде "Sinofarm" деген вакцина бар. Мыңнан артық "CoronaVac" деген вакцина бар.

Елорда бойынша алғашқылардың бірі болып, Шоқан Тұраров коронавирусқа қарсы ревакцинация жасатты. Қайта екпе алу - індеттен тез құтылудың жалғыз жолы деп есептейді. Қауіпті дертпен  күресіп жүрген алдыңғы ишептегі жас маманның айтуынша, отбасы мүшелері де толық екпе алған.

Шоқан ТҰРАРОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. №2 ЕМХАНА ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Мен қытайлық "Vero cell" вакцинасын алдым. Препараттың белсенділігі жойылған.  Вакцинадан кейін болатын әсері де жеңіл. Жағымсыз реакция болады деп ойламаймын.

Министрлік өкілдерінің сөзінше, ревакцинацияға препарат қоры жетерлік. Қайта екпе алғандарға дәрінің тек 1 компоненті салынады. Сондай-ақ, науқанда "Спутник В" вакцинасын салу қарастырылмаған.

Айдана ЕРҒАСЕН, ҚР ДСМ СЭБК ВАКЦИНАМЕН БАСҚАРЫЛАТЫН ИНФЕКЦИЯЛАРДЫ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:
 
"Спутник В" вакцинасымен вакцина салғандар қазіргі кезде олардың мерзімі жетіп олар инактивтелген вакцинамен ревакцинацияны жүргізуге уақыты келіп отыр. Ревакцинация жүргізуде "Спутник В" вакцинасы қолданылмайды. Себебі, оның екі компоненті құрамы бойынша әр түрлі болып саналады.

Векторлық яғни "Спутник В" екпесін салдырғандар ревакцинацияны 9 айдан кейін белсенділігі жойылған Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in немесе Pfizer екпесімен жасата алады.

Ал, белсенділігі жойылған екпе салдырғандар 6 айдан кейін "Спутник" немесе м-РНҚ Pfizer вакцинасымен қайта екпе жасай алады.

м-РНҚ немесе Pfizer вакцинасын алғандар жарты жылдан соң белсенділігі жойылған және векторлық препараттарды салдыра алады.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Ревакцинациядан өткен әрбір адам төлқұжаттың жаңа түрін алады. Сонымен бірге олардың ашық жүйесіндегі мәртебесі тағы бір жылға ұзартылады.

А. Данияр