«10-15 жылдан аспайды». Бүгін Абай шахтасындағы апаттан кейін құрылған келісім комиссиясының басшысы, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек кен орнының болашағы бұлыңғыр екенін мәлімдеді. Шахта әрі қарай қанша уақыт жұмыс істейді? Жабыла ма, жоқ па? Қазір техникалық қауіпсіздік инспекторлары мен арнайы комиссия кен орнындағы құрал-жабдықтарды жіті тексеріп жатыр.
Абай шахтасында болған апат шахтерлардың жылдар бойы шешілмеген проблемасын көрсетті. Қарағанды облысындағы 8 шахтаның 13 мыңға жуық жұмысшысы Арселор Миттал Теміртау компаниясына ең маңызды деген 12 талапты төтесінен қойды. Алдымен еңбек және техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді сұраған. Бірақ ол сұрақ әлі шешілмеген.
Жеңіс ҚАСЫМБЕК, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ, КЕЛІСІМ КОМИССИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Кеншілердің қойған талаптардың бірі толығымен аудит жасау. Бүгінгі құрал жабдықтардың жағдайы қалай? Заманауи техника сатып алына ма, жоқ па? Инвестиция қай шахтаға келеді? Толығымен аудит екі айдың ішінде бітуі керек. Ақпан айының соңына дейін.Аудиттан кейін біз көреміз қай құрал- жабдық ескі, заманауи емес, қайсысын ауыстыру керек.
Арселор Миттал Теміртау алдағы 5 жылда 3 млрд доллар инвестиция құймақ. Оның 40 пайызын шахталарға жұмсау жоспарланған. Компания басшылығы желтоқсан айынан бастап кеншілердің жалақысын 17 пайызға өсіріп, жыл сайын 13- інші айлық төлеуге уәде беріп отыр. Сондай-ақ, жұмысшы автобустарын жаңартады. 800 адамды жұмысқа алмақшы.
Наир ВИДЖУ, «АРСЕЛОР МИТТАЛ ТЕМІРТАУ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Былтыр Ковидке байланысты жұмысшы алмадық. Көмір департаментінде барлық шахталарда 800 маман жетіспейді, олар проходчиктер. Ай сайын 100 адамнан алып кеншілердің санын көбейтуді жоспарлап отырмыз.
Ал Абай шахтасының апаттан кейінгі тағдыры әлі шешілген жоқ. Ол қашан жабылады? Құрал- жабдықтар жаңартыла ма, жоқ па әзірге белгісіз.
Жеңіс ҚАСЫМБЕК, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ, КЕЛІСІМ КОМИССИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Ең басты мәселе қазір Абай. Абай 10 жылдан аспайды, 10-15 жыл. Басқа шахталарға қарағанды Абай шахтасының болашағы әртүрлі сұрақтар туындап отыр. Енді компания келесі айдың ортасында біз 13-і, 15- і күні кездесеміз. Сол кезде өздері жалпы мына 8 шахтаның болашағы бойынша толық ақпаратты бізге беруге міндетті. Мысалы, Абай шахтасы қанша жыл жұмыс істейтін болады? Қандай перспективалары бар?
Келісім комиссиясының өкілдері шахтерлардың баспана мәселесі шешілетінін мәлімдеді. Кеншілерге Отбасы банкі арқылы 5 пайызбен ипотекалық пәтерлер ұсынылмақ. Ол үшін облыс әкімдігі субсидия бөледі. Ал мүгедектікке шыққан кеншілердің өтемақысын көбейту, шахтерларды ерте зейнетке шығару, жер астындағы апаттарға жұмысшы тобын кінәламау талаптарын тиісті министрліктер қарайды.
А. Қуаш