Русский Сайттың толық нұсқасы

Жиырма мыңнан астам халық тұратын ауылда емхана жоқ

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2021
  • 2442

Жұмбаққа толы әкімдік. Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Сексеуіл кенті тұрғындарының жергілікті биліктен үміті үзілді. Жиырма мыңнан астам халқы бар елдімекенде бірде-бір емхана жоқ.  Үш жыл бұрын басталған емдеу мекемесінің құрылысы аяқсыз қалған.   Халық  әкімдікке күнде баратын көрінеді, бірақ нақты жауап ала алмай жүрміз дейді. Әріптесім Асылбек Данияр оқиғаның мән-жайын анықтауға тырысты.

3 жыл бұрын емхана құрылысы басталғанда сексеуілдіктер қатты қуанды. Бірақ  ол қуаныш су сепкендей басылды. Қазір  нысан басында жыбырлаған жан жоқ. Тым-тырыс. Тұрғындардың айтуынша,  мердігер компания бөлінген қаржыны талан-таражға салып, жеп қойған. Ал денсаулығы сыр берген  жұрт 60 шақырым жердегі аудан орталығына қатынауға  мәжбүр.

Ғабит МЫРЗАШЕВ, СЕКСЕУІЛ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Баласын босанатын жер жоқ перзентхана. Оған да әйелдердің бәрі сандалып машинамен бару керек. Жолда машинаның ішінде босанып қалғандары да бар. Қайтыс болып кетуі мүмкін машинада жағдай жоқ қой.

Шағымын арқалаған ауыл  ақсақалдарына әкімдік жөнді жауап бермепті. Емхананың қашан тапсырылатынын олар да  нақтылай алмай отыр, дейді. Айтуларынша, елдімекендегі аурухана да әбден ескірген.

Оразайып ОРЫНБАЕВ, СЕКСЕУІЛ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы талай жерде айтылып жатыр. Талай жерлерде жиналыс болып жатыр. Бірақ, қолға алып жатқан ешкім жоқ. Лас, баяғы көнеден қалған. Бәрінің төбесінен су ағып тұр ішінен. Бәрі көрініп тұрған нәрсе.   

Емхананың бітуін асыға күтіп жүргендердің арасында ғасырлық тарихы бар аурухананың қызметкерлері де бар. Ескі мекемеде жұмыс істеу қиын екенін жасырмайды. Бірақ, емдеу орнына кіргізгісі келмеді. Карантин, дейді.

Динара БАЙЫМБАЙ, АУРУХАНА МЕҢГЕРУШІСІ:

Аурухана ғимараты ескі. Ескі болуына байланысты егер жаңбыр жауса ғана су кетеді. Жүз жылдың ғимарат болғаннан соң. Карантинге байланысты сіздерді еш жерге кіргізе алмаймын.

Миллиондаған қаржы салынған 40 төсек-орындық аурухананың қашан бітетін сұрап әкімдікке бардық. Әкімнің жауабы дайын.

Сәкен ТӨРЕШОВ, СЕКСЕУІЛ КЕНТІНІҢ ӘКІМІ:

Енді құрылыс компаниясы жаңағы мердігер компанияны өзіне берілген жұмысты орындамады деп сотқа беріпті. Енді келесі жылға қайтадан қаржыландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр+ Өйткені материал қымбаттап кетті ғой.


Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, арман болған емхананың құрылысы келесі жылы жалғасады. Бірақ,  халық игілігіне қашан берілетіні  белгісіз.

А. Данияр