Русский Сайттың толық нұсқасы

Шенеуніктің кесірінен оралдық шаруа тақырға отырды

  • AstanaTV
  • 26 қараша 2021
  • 1875

Батысқазақстандық  шаруа шенеуніктің кесірінен тақырға отырды. Қорасындағы малынан айрылып,  шаш-етектен қарызға батқан ол аудандық ветеринарлық инспекция қызметкерлерін сотқа берді. Айтуынша,  115 миллион теңге шығын келген.  Кәсіпкер Ресей елінен абердин-ангус тұқымды 115   асыл тұқымды ірі қара әкелетінін Сырым ауданындағы ветеринарлық инспекцияға алдын-ала ескерткен. Бірақ мекеме басшысы «малдың құжаты дұрыс емес»,- деп шаруаны бірнеше рет кері қайтарып, сиырын есепке де алмапты. Соның салдарынан   еш жерде тіркелмегендіктен малдан қан да алынбаған,екпе де салынбаған. Кейін егілмеген сиырлардың бруцеллез жұқтырғаны анықталып, ақырында шаруа ауру малды арзан бағаға етке өткізіп құтылған.  

Ботагөз БАЙМОЛДАЕВА, КӘСІПКЕР:

Сырым аудандық ветинспекциясының бастығы Бауыржан Бисенғарин мен инспектор Равиль Темірболатовтың арқасында зиян шегіп отырмын. Өзімнің үйім, қаладағы, ауылдағы туысқандарымның үйі бар еді залогқа қойған. Солардың бәрін де тартып алуға шешім шығып отыр. Мен енді бомж болып далада қалатын болдым.

Күйінген кәсіпкер облыстық ветеринарлық инспекцияға шағым түсірген. Салғырт шенеуніктің   ісі көп кешікпей Әдеп жөніндегі кеңесте қаралды. Бірақ ол не себепті малды тіркеуден бас тартқанын түсіндіріп бере алмаған.  

Ғалым ТҰРСЫНБАЕВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ БҚО ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Құжаттары дұрыс болмаған күнде де соған жәрдем беруі керек, ат салысып бірге жұмыс істеуі керек. Сол жұмыстарды атқармағаны үшін Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері толық құраммен бір ауыздан ол шенеунікті атқаратын лауазымынан босату туралы ұсынысты қабылдап, облыстық ветеринарлық инспекцияға жолдады.


Е. Карин