Атырауда құрылыс компаниясы өзіне тиесілі емес аумаққа кәріздік насостық станция салған. Тиісті органдардың рұқсатын алмастан, «өзім білемдікке» барған компанияның бұл әрекеті тұрғындардың ашуын туғызды. Айтуларынша, құрылыс мекемесінің қожайыны алғашында су қоймасын салып жатырмыз деп алдаған. Ашулы жұрт әкімдіктен станцияны бұзуды талап етуде.
Зейнеткер Людмила Беляеваның айтуынша, құрылыс компаниясы алдымен ауланың дәл түбінен 5 қабатты үй құрылысы жүрген. Енді кәріздік насостық станцияның салынуы тіпті басынғандық,- дейді.
Людмила БЕЛЯЕВА, САМАЛ ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Міне - менің аулам. Дәл түбінен кәріз станциясын салып жатыр. Мен тіпті үйдің құрылысына қарсы болған едім. Мына жақтан өрт шықса, менің аулама кіріп өшіре ме?
Ықшам аудан халқының талабы біреу – кәріз станциясын алып тастау. Олар компания қожайыны бізді бала сияқты алдап, кейін тіпті сөзімізді тыңдамады,- дейді.
Гүлнәр ІЗТІЛЕУОВА, САМАЛ ЫҚШАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Халық атынан талап етемін. Тұрғындар атынан талап етемін. Осыны бізден алып тастаңыздар. Егер де алмайтын болса, сотқа барамыз. Соттан алмайтын болса, ары қарай астанаға дейін барамыз.
«Кұрылысшы - 7» компаниясы тұрғындар түгілі, әкімдіктен те рұқсат алмаған көрінеді. Құзырлы орган өкілдері тексеріс жүргізіп, бір емес бірнеше кемшіліктің бетін ашқан. Іс сотқа жолданыпты.
Ринат ҚАПАНОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ ҚҰРЫЛЫС ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Заңсыз құрылыс жұмыс жобасының белгіленген тәртіппен сараптамадан өтпегендігі. Сол бойынша шара қолдандық. Сосын +құрылыс монтаж жұмыстарын басталғанға дейін мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасына хабарлама жіберуге міндетті. Олар соны жібермеген.
Ал компания қожайыны сәулет құрылыс инспекциясы мамандарының сөзін жоққа шығарады. Құжат бар, бәрі заңды дейді.
Тимур ӨТЕМҰРАТОВ, «ҚҰРЫЛЫСШЫ – 7» ЖШС АТЫРАУ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл заңды. Как положенно тех условиясымен алынған. Ол орталық канализацияға кететін насосный станция. Дәл осындай колодецтер объект ішінде 30 штугы тұр. Архитектруадан алған разрешением бар. Осы участок берілген.
Тараптар өзара келісімге келе алар емес. Мәселеге енді сот қана нүкте қоймақ.
Б. Нәдірқызы