Коронавирустың "омикрон" штаммы көрші Ресейден анықталды. Жергілікті билік өкілдерінің хабарлауынша індеттің бұл түрін он адам жұқтырған. Барлығы Оңтүстік Африкадан келген азаматтар. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері COVID-19-дың мутацияға ұшыраған жаңа формасы басқа вирустарға қарағанда жеңіл өтеді, дейді. Бірақ, оған өздері де сенімді емес. Жұқпалы дерттің белгілері қандай? Әріптесім Асылбек Данияр анықтап көрді.
"Омикрон" штаммы, өзгелеріне қарағанда жылдам тарап жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазір індет 30-дан астам елге жетті, дейді. Олардың қатарына бүгін Ресей қосылды. Шетелден келген бірнеше жолаушының ПТР сынамасы вирустың барын көрсеткен. Ал бізде әзірге тыныш. Жаңа штам тіркелген жоқ. Десе де, елдегі ауруханалардың бәрі дайындыққа кіріскен. Дәрігерлердің сөзінше, науқастарда төмендегідей симптомдар байқалса бірден медициналық көмекке жүгінген дұрыс.
Айжан ӘЗІРЕТҚЫЗЫ, ДӘРІГЕР-ПУЛЬМОГОЛОГ:
Кез келген штаммда дене қызуы болады. Екінші ол қатты әлсіздік, бұл дельта штаммында да болды. Үшінші ол ангина сияқты, тамақтың қышып ауруы, жөтел болуы мүмкін. Бірақ та омикрон штаммында иіс-дәм сезбей қалу сияқты симптомдар байқалмаған.
Инфекционист-дәрігер де жаңа штамм туралы нақты ақпарат жоқ, дейді. Айтуынша коронавируспен ауырған адамдар мен вакцина салдырған адамдарда сырқаттанушылық жеңіл өтеді.
Құралай МЫРАМЫТОВА, ДӘРІГЕР-ИНФЕКЦИОНИСТ:
"Спутник В" екпесі қорғайды деген мағлұматтар бар. Басқа "Пфайзер" туралы ақпарат бар. Ал, басқа вакциналар туралы айта алмаймын. Өйткені ол туралы мәлімет жоқ бізде.
Дейтұрғанмен елде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Жағдайды бағалау матрицасының "қызыл" аймағында тек Солтүстік Қазақстан облысы ғана қалып отыр. Қалған өңірлер "сары" және "жасыл" белдеуде. Әлем ғалымдарының пайымына сенсек, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Олар індетті жұқтыру көрсеткіші жылдам болуына байланысты реанимациялық төсек-орындар мен өкпені жасанды желдету құрылғыларын көбейту керегін ескертеді.
А. Данияр