Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан арқылы өтетін транзитті контейнерлік тасымал көлемі 1 млн ЖФЭ жетті

  • AstanaTV
  • 07 желтоқсан 2021
  • 1898

Қазақстан арқылы өтетін транзитті контейнерлік тасымал көлемі 1 млн жиырма футтық эквивалентке (ЖФЭ) жетті. Яғни, ел аумағынан миллионыншы контейнерлік вагон өткен. 30 жылда заманауи инфрақұрылым қалыптастыра білген теміржолшылар, Тәуелсіздікке осындай тарту жасап отыр. Айта кету керек, 2016 жылдан бастап транзитті контейнерлік тасымал көлемі 4,5 есе көбейген. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, бұл үдіс алдағы жылдары да жалғасады.

Транзиттік пойыз миллионыншы контейнерді Қытайдың Сиань қаласынан Алтынкөл станциясына жеткізді. «KTZE Khorgos Gateway» құрлық портында пойыз тар жолдан кең жолға ауыстырылғаннан кейін контейнер Ақтау портына , одан әрі Каспий теңізі арқылы Түркияның Мерсин қаласына жөнелтіледі. Контейнерді Сианьнан Мерсинге апаруға 17 күн кетеді. Екі ара- 9 мың шақырым. Егер, Қытай жағы басқа дәлізді таңдаған болса, оған 35 күн кетер еді

Тәуелсіздік жылдарында көлік саласын дамытуға қатысты стратегияға сәйкес елімізде заман талабына сай темір жол инфрақұрылымы қалыптасты. Қорғас, Құрық портары салынып, Ақтау порты жетілдірілді. Екі жарым мың шақырымнан астам теміржол төселді.

Нұрлан ИГЕМБАЕВ, «КТZ EXPRESS» АҚ БАСҚАРМА ДИРЕКТОРЫ:

Бүгінгі күнде Қазақстаннан өтетін транзиттік контейнерлік тасымалдың 1 жылдық көлемі 1 млн ЖФЭ-ге жетіп отыр. Бұл дегеніміз ҚТЖ компаниясының біріншіден транспорт-логистика инфрақұрылымын дамытуы және де контейнерлік тасымалдың жылдамдығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқасында болып отыр.


Алтынкөл станциясы жанындағы портта жүктерді өңдеу, сақтау және ауыстырып тиеу жұмыстары атқарылады. Тәулігіне 10 пойызға дейін қабылданады. Бір пойызда шамамен 55 контейнерлік вагон бар.  

Мадияр ОМАРОВ, «KTZ EXPRESS» AҚ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

Бұрын 3-4 поездан аспайтын. Қазір міне 1 жарым жылдай уақыт болды 10 поездға дейін өсірдік. Келесі жылы күніне 16 поездан келетін болады. Бір поезда контейнердің саны 50-55 орта есеппен болады. Оны 55 минутта артамыз.


«ҚТЖ» ҰК» АҚ жүк легіне кешенді қызмет көрсету, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және тауардың қауіпсіздігі мен уақтылы жеткізу шарттарын сақтау үшін қолайлы жағдай жасағандықтан Қазақстан арқылы жүктерді контейнерлерде тасымалдау ісі қарқын алып отыр. Транзиттік тасымал мүмкіндігін жылына миллион контейнерге  жеткізумен қатар экспорттық және импорттық алыс-берісте де  жүктерді контейнерлермен жеткізудің логистикалық жүйесі жолға қойылған.

Ә. Лесбек