Елде зейнетақы жинақтарына деген сұраныс азаймай отыр. Дүрбелең басылар емес. Саладағы жаңашылдық жария болғалы аптаға жуықтады, бірақ жауапты министрлік түсінік беруге асықпайды. Бастапқыда олар барлық кінәні Біріңғай жинақтық зейнетақы қорына сілтеді, ал бүгін өз қателіктерін мойындады. Дегенмен, сарапшылар мұны министрдің сауатсыздығы деп есептейді. Толығырақ әріптесім Ақбота Базарбай айтып береді.
Бұл - біріңғай зейнетақы қорынан хабарлама шыққалы екі аяқтан сабылып, банктің алдын тоздырған жұрт. Бір минутқа да уақыттары жоқ. Себебі жылдың соңына дейін жиғандарынан артылғанын шешіп үлгеруге тырысуда. Олардың Үкіметке деген сенімі қалмапты.
БЛИЦ:
- Халықтың сенімі кетіп қалды ғой. Ертегі тыңдап отырған сияқты боламыз ғой.
- Әрине, сеніңкіремей қалдық қой. Енді 31-іне дейін үлгеруге болады деп жатыр ғой. Көреміз енді.
Бұл іске жауапты деп танылған - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де - бірде былай десе, бірде басқаша ақпарат таратып - халықты одан бетер шатастырды. Бұған дейінгі ресми хабарламада министрлік ең төменгі жеткілікті шекті есептеу әдістемесін әзірлегенін, тек есеп-қисапты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жасайтынын мәлімдеген болатын. Ал кейін министрлік "бізде ондай құзірет жоқ" деген ақпарат таратты. Бірақ біршама уақыттан кейін оны алып тастады. Министрлік бүгін осыған қатысты түсіктеме берді.
ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ:
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2021 жылдың 7 желтоқсанында таратылған баспасөз релизінде зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегін белгілеу мәселесінде министрлік құзыретіне қатысты бұрыс тұжырымға жол берілгенін хабарлайды. Осы баспасөз релизін министрліктің ресми сайтында, аккаунттарында және әлеуметтік медиада жариялаған қызметкерге тиісті тәртіптік жазалау шаралары қолданылды.
Халықтың мүддесі үшін жұмыс істейтін құзырлылар, мұндай жағдайда жұртшылық алдында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге міндетті еді. Алайда, министр де, оның қарамағындағылар да әлі күнге дейін төбе көрсетпеді.
Арман БАЙҒАНОВ, САРАПШЫ:
Бұл қарапайым халықтың билікке деген сенімін төмендетеді. Халық арасында қазір осындай резонанс жүріп жатыр. Менің ойымша, Еңбек министрі орнын босатуы керек.
Әзірге, қазақстандықтар жинақтағы қаражаттарымен әбігер. Мамандардың айтуынша халық бірінен кейін бірі келіп, несиеге үй рәсімдеп жатыр. Соған қарағанда жаңа жылдан кейін нарықта тыныштық орнайтын сияқты деп болжам жасады. Бұл баспана бағасына қаншылықты әсер ете алады? Ол жағы уақыттың еншісінде.
А. Базарбай