Русский Сайттың толық нұсқасы

Тәжікстан ауған студенттерін елге кіргізбей жатыр

  • AstanaTV
  • 08 желтоқсан 2021
  • 1525

Тәжікстан билігі ондаған ауған студентін елге кіргізбей қойды. Ауғанстанның өзінде де жағдай оңып тұрған жоқ. Елде гуманитарлық апат болу қаупі күшейді. Ресми мәліметтерде 23 миллион адамды аштыққа ұшырайтыны айтылып жүр. Оның ішінде балалар да бар. Бұған БҰҰ не дейді? Ауған еліне қандай көмек көрсетілмек? Сауалдарға жауап іздеген әріптесім Әсел Дүкембаева тақырыпты жалғастырады.

Тәжікстан университеттеріндегі  ауған студенттері кезекті демалыстан соң, қайтадан оқу орындарына орала алмай жүр. Айтуларынша визалары аяқталуына 1 ай уақыт қалған. Соған қарамастан оларды шекарадан өткізбей жатыр. Тығырыққа тірелген тәжікстандық студенттер Аграрлық университеттте оқып келген

Амирулла САНУЛЛА, СТУДЕНТ:

Мен Ишкашым, Дарваз, Шерхан-Бандардағы бақылау-өткізу пункті арқылы 10 рет өтуге тырыстым. Бірақ барлық әрекеттерім нәтижесіз болды. Бізде құжаттардың барлығы түгел, бірақ кіргізбейді.  

Абдулло НАЗАРИ, СТУДЕНТ:

Бәріміз демалыста үйде болдық, енді оқуымызға оралайық десек, қиындықтар туындауда. Бұлай болады деп мүлде ойламадық.


Ауғанстанның өзінде де жағдай күрделі. Елде ызғарлы суық, ал халық жаппай ішерге ас таппай жүр. Азық-түлік бар, бірақ бағасы шарықтап кеткен.  

КАБУЛ ТҰРҒЫНЫ:


Мен мынаның бәрін отбасымды тамақтандыру үшін барлық дүкендерден жинаймын. Мейірімді қасапшылар қолындағы нандарымен бөліседі.

Мариям МАРУФ АРВИН, ӘЙЕЛДЕР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУШЫ:

Ауғанстандағы балалардың жағдайы қиын. Қазір оларға шұғыл көмек көрсетілмесе, гуманитарлық дағдарыстың куәсі боламыз.


БҰҰ мәліметі бойынша, ауғандық отбасылардың тек 5 пайызы ғана, күн сайын жеткілікті мөлшерде тамақ алады.

Бабар БАЛОШ, БҰҰ АГЕНТТІК ӨКІЛІ:

Ол жақта ауа температурасы минус 25 градусқа төмендейді деген болжам бар. Ондағы халықтың жағдайы күн сайын ушығып барады. Елдегі аштық шынымен де бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. 23 миллионға жуық адам немесе халықтың 55 пайызы азық-түлік тапшылығына тап болды. Олардың 9 миллионға жуығы аштықтың алдында тұр.

Талибанның билікке келуі Ауғанстанды Батыс елдерінен, Дүниежүзілік банктен және Халықаралық валюта қорынан алатын көмектен айырды.

Аниль, АҚША САТУШЫ:

Валюта бағамы үнемі өзгеріп отырады. Мысалы, бізде АҚШ доллары 104 афганиге саудаланып жатыр. 


Еуроодақ Ауғанстанға көмектесу үшін миллиард еуро бөлуге уәде берді. Бірақ биліктегілер бұл қаржы тұтас елді дағдарыстан шығаруға жетпейді дейді.

Ә. Дүкембаева