Русский Сайттың толық нұсқасы

Қорғаныс министрлігі кәсіпкерге жұмысын істетіп алып, ақшасын төлемей қойған

  • AstanaTV
  • 09 желтоқсан 2021
  • 2072

Павлодарлық кәсіпкер Қорғаныс министрлігінен ақшасын ала алмай жүр. Шамамен 130 млн теңге алашағы бар. Айтуынша, тендер арқылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданындағы әскери қоймаға жөндеу жұмыстарын жүргізген. Жұмыстары аяқталысымен, министрлік ақша төлеуден бас тартыпты. Әріптесім Өзгеріс Қуанар, жағдайды анықтауға тырысты.

Павлодарлық кәсіпкер тендер арқылы былтыр Аягөз ауданындағы әскери қойманың қақпалары мен төбе жабындыларын ауыстырғанын айтты. Алайда, жұмысының ақысын әлі даулап жүр. Айтуынша Қорғаныс министрлігі  айнып қалған. нақтырақ айтсақ олар бастапқыда кәсіпкерге жұмыс ұсынып, кейін оны өзге мердігерге беріп жіберіпті. Осылайша, бір жұмысқа екі рет конкурс өткізген деп отыр.

Евгений КУЗЬМЕНКО, КӘСІПКЕР:
   
Қорғаныс министрлігі төлем жасамағандықтан, біз биыл салықта төлей алмай отырмыз. Жалпы қарызымыз  12 млн теңгені құрады. Оның ішінде салықтан бөлек, жұмысшылардың жалақысы, бізге құрылыс материалдарын жеткізіп берген кәсіпорынға да қарызымыз бар. Банкротқа ұшыраудың алдында тұрмыз.


Кәсіпкер жұмыстың жалпы көлемін 128 млн. 880 мыңға бағаланған. Ақысын төлемеген соң сотқа да жүгініпті.  Алайда, сот кәсіпкердің арызын қанағаттандырмаған.  

Мұхтар БАТЫРБАЕВ, КӘСІПКЕРДІҢ АДВОКАТЫ:

Біз келісім шартты өзгерту жөнінде техникалық кеңес хаттамасы бойынша жұмыс жасадық. Ал сот бізге қосымша келісім шарт жасасу керек – еді, - дейді. Дегенмен тапсырыс беруші тарап атқарылаған жұмысты жоққа шығарып отырған жоқ. Бұл әскери қойма жабық мекеме. Сонда жабық мекемеге жеке меншік кәсіпорын жайдан жай кіре алмайды. Бізде барлығы құжат жүзінде болды.  Бастысы атқарылған жұмыстың нәтижесі бар. Сот оны да көзге ілмей отыр.

Амалы таусылған бизнесмен, кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес өкілдеріне де жүгінген.  

Серік ӘУБӘКІРОВ, ӨҢІРЛІК КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мемлекеттік сатып алу кезінде өрескел заң бұзушылық болған. Бұл бойынша құзырлы органдар тексеру жүргізуі керек. Бюджет ақшасы болғандықтан, тиісті шара қолданылуы тиіс. Қазір Қаржы министрлігінің атына хат жаздық. Аталған факті бойынша тиісті тексеру жүргізіліп жатыр. Жұмыс орындалған. Сондықтан, министрлік ақы төлеуге міндетті.  


Басы дауға қалған Қорғаныс министрлігі болса, мұның барлығын жоққа шығарып әлек. Берген ақпараты қысқа, әрі жазбаша ғана болды.   

ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ:


Нұр-Сұлтан қаласының ауданаралық экономикалық соты «МИККОН» ЖШС-ін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы ретінде таныды. Ал аталған кәсіпорынның атқарылған жұмыстарының актісін сот қабылдаудан бас тартты. Нұр-Сұлтан қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші инстанциядағы сот шешімінін өзгеріссіз қалдырды.

Десе де, шығынға батқан кәсіпкер жұмысын дәлелдеу үшін енді Жоғары сотқа жүгінбек.

Ө. Қуанар