Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда санитарлық аумаққа салынып жатқан үйлер экологиялық қауіп төндіруі мүмкін

  • AstanaTV
  • 10 желтоқсан 2021
  • 1628

Павлодарда қаланың кәріз желісі орналасқан санитарлық аумаққа екі бірдей тұрғын үйдің құрылыс жүріп жатыр. Су арнасы мамандары, бұл құрылысқа қарсы. Олар шаһарға экологиялық үлкен қауіп төніп тұрғанын айтып дабыл қағуда. Өйткені, қорғаудағы аймаққа құрылыс жүргізуге мүлдем болмайды. Себебі, жер астындағы кәріз құбыры құрылысты көтере алмай жарылып кетуі мүмкін. Алайда, кәсіпкер үй салуын тоқтатар емес. Бұның арты неге апарып соғуы мүмкін. Тілшіміз Өзгеріс Қуанар біліп келді.

Павлодарда элиталы үйлер салу бүгінде сәнге айналды. Дәл осындай құрылыстың бірі қаланың кәріз желісі шоғырланған санитарлық аумаққа да салынып жатыр.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Мамандардың айтуынша, бұл жерге үй салуға мүлде болмайды. Өйткені, жер астында  кәріз желісі орналасқан. Қатты салмақ түссе құбырлар жарылып, қаланы нәжіс басуы мүмкін.

Бірақ, бұған құлақ асып жатқан құрылысшылар жоқ. Үйдің іргетасын қалап қойған. Мамандар дабыл қағып отыр.

Дмитрий БАШКИРОВ, ПАВЛОДАР СУ АРНАСЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:


Егер кәріз жүйесіне ақау келетін болса, күллі қалдық сыртқа ағып шығады. Өйткені, дәл сол жерде қаладағы кәріз жүйелерінің түйісетін коллекторы орналасқан. Топыраққа зиян тигізіп, қоршаған ортаға залал келтіреді. Қаланың көп бөлігі кәріз жүйесінен ағытылады. Ондайда төтенше жағдай жариялауға тура келеді.


Бір қызығы, бұл жерге үй салуға жеке кәсіпкер ешкімнен рұқсат алмаған көрінеді. Коммуналдық қызмет көрсетуші ұйымдардан да келісім сұрамапты. Мұны әкімдік өкілі растады.  

Мұратбек НАЗАРОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ЖЕР БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:


Басқарма ешқандай рұқсаттау құжатын берген жоқ. Шілде айында азаматша Пикаева құрылыс монтаж жұмыстарын бастағаны туралы ескертпе түсірді. Біз ол талонды реестерден алып тастадық. Одан кейін қайтадан хабарлама келді. Тағы та реестерден шығардық. Соған қарамастан өз бетінше құрылысты жалғастырып жатыр.

 
Ал кәсіпкер журналисттік сауалға жауап бермеді. Қала құрылысы және жер бақылау басқармасы  билік сөзін құлаққа ілмеген бизнесменді сотқа берген. Алдағы күндері коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелер де оған шара қолдану үшін сотқа жүгінбекші.

Ө. Қуанар