Қарағанды облысындағы АК 159-да 9-да түзету мекемесі бүгін сұлулық салонына айналды. Көксу елді-мекеніндегі абақтыда жазасын өтеп жатқан нәзік жандар шаш сәндеп, бет әрлеуді үйренді. Тіпті массаж түрлеріне машықтанып, кәсіби шеберлерден сабақ алды. Әйелдер күштері альянсының ерекше бастамасымен, өңірдегі тілшіміз танысып қайтты.
Абақтыдағы мына шағын бөлме, бүгін нағыз сұлулық салонына айналған. Мұнда бьюти сабақтар өтіп жатыр. Бұрынғы педагог, қазір жазасын өтеуші Дана Исабаева кәсіби стилистен шаш сәндеудің тәсілдерін үйренді. Мерекелік шаралар ұйымдастыруды жақсы көретін ол үшін бұл таптырмас мүмкіндік.
Дана ИСАБАЕВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ АК 159/9 ТҮЗЕТУ МЕКЕМЕСІНДЕ ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ:
Қатты қызықтырады. Макияж, шашты бұйралап сәндеу құпияларын үйреніп жатырмыз. Осында көптеген шараларға қатысамыз, сол кезде бір- бірімізді сәндесек қандай жақсы. Әрі 3 жылдан соң бостандыққа шығып жатсам ол кезде де керегіме жарайды. Балаларға арналған мерекелер ұйымдастырумен айналысқым келеді.
Сотталғандардың бір тобы визажистен сабақ алса, енді бірі бет массажын үйренді. Қатысушылар арнайы сертификаттармен марапатталды. Аймақтағы әйелдер күштері альянсының ерекше бастамасы абақтыдағы нәзік жандардың көңілін көтеріп тастады. Бостандыққа шыққан соң қоғамға бейімделіп, жұмыспен қамтылуына да сеп болатынына сенімді. Осы мақсатта БҰҰ- ның жобасы аясында арнайы сұлулық салонын да жабдықтап берген.
Данара СМАЙЛ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ «ӘЙЕЛДЕР КҮШТЕРІ АЛЬЯНСЫ» ЗТҰ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Азаматтық қоғам тағдыр тәлкегіне ұшыраған адамдарды қабылдауға дайын екенін көрсеткіміз келеді. Бьюти индустрия қазір сұранысқа иә, барлық әйел сұлулықты қалайды. Әрі бұл ақша табудың жолы, әйелдерді еңбекке баулиды. Ертең олар бостандыққа шыққан кезде осында үйренген кәсіптерімен айнылысып, ақша таба алады.
Сотталғандарды әлеуметтік қолдау мақсатында бүгін облыстық аурухана дәрігерлері де осында келген. Лор, окулист, кардиологтармен бірге философ маман өмір құндылықтары жайында лекция оқыды. Түзету мекемесі басшылығының айтуынша, мұндай кездесулер қапастағы әйелдерді түзу жолға салуға көмектеседі.
Нәзира ҚАДЫРОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ АБАЙ АУДАНЫ КӨКСУ КЕНТІНДЕГІ АК 159/9 ТҮЗЕТУ МЕКЕМЕСІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен әйелдер күштері альянсы ұйымы арасында арнайы меморандум бар. Бірлесіп осындай шаралар өткізу арқылы сотталғандарды алдын ала дайындаймыз. Олар бостандыққа шыққан соң қоғамға тез араласып сіңіп кетуі тиіс.
Қарағанды облысындағы әйелдер абақтысында 435 соттталушы отыр. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай оның 55- і рақымшылыққа іліккен, яғни жеңіл қылмыс жасағандары ғана. Тағы біразының жаза өтеу мерзімі қысқартылмақ.
А. Қуаш