Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкент соты Бахрейнге адам сатқандарға үкім кесті

  • AstanaTV
  • 21 желтоқсан 2021
  • 1710

Атышулы «Бахрейн ісіне» бүгін нүкте қойылды. Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы трансұлттық ұйымдасқан топ құрып, төрт жыл бойы адам саудасымен айналысқандарға үкім кесті. 16 сотталушының алды 14 жылға жаза арқалады. Бахрейн корольдігіне жас қыздарды алдап жеткізіп, жыныстық құлдыққа жеккендер кімдер? Әріптесім Айзада Төребекқызы тарқатсын.

"Бахрейн ісі" бойынша сотталған 16 адамның басым бөлігі әйелдер. Дені Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары. 150 томдық қылмыстық іс бойынша басты фигурант - 36 жастағы жұмыссыз келіншек. Ол Бахрейн Корольдігіне Қазақстан аумағынан жас қыздарды жеткізіп отырғандарға қомақты сыйақы беріледі дегенді естіп, өзінің таныстарын үгіттеген. Ұйымдастырушы бұл іске анасын да жұмылдырған деді істі қараған судья Әбсаттар Шайхиддинов. Шетелден жеткен қомақты сыйақы, соның есеп шотына түсіп отырған.

Әбсаттар ШАЙХИДДИНОВ, ШЫМКЕНТ қ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


2 мыңнан 5 мың долларға дейін әрбір жіберілген қыздар үшін ақша түсіп отырған және ол ақшаны негізінен сол Азадова Саодаттың өзі алып, сол кісі басшылық жасап отырған. Осындай жолмен 2016 жылдан 2020 жылға дейін 36 жәбірленуші қыз оның ішінде кәмелетке толмағандарда бар сол Бахрейн корольдігіне жіберілген.
 
Трансұлттық ұйымдасқан топ басшысы, адам саудасы бойынша төрт жыл ішінде жалпы сомасы 48 млн теңгеден астам табыс тауыпты. Бүгін сот залында бұған дейін үй қамақта болған бір азаматтың қолына кісен салынды. Үш жылға жаза арқалаған ол жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу колониясында өтейтін болады. Ал үш сотталушылардың кінәсі дәлелденгенмен үкім кезінде қамаудан босатылды.

Әбсаттар ШАЙХИДДИНОВ, ШЫМКЕНТ қ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


Олар қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Бірақ үкіммен, соттың үкімімен. Қылмыстық кодекстің 68-ші бабының екінші бөлігінің талаптары бойынша олар жәбірленушілермен татуласса және оларға келтірілген залалдың мөлшерін өтесе жазадан босатылуға болады деген қағидалар бар.

 
Сот төрағасы олардың кәмелет жасына толмаған балаларының бары ескерілгенін, әрі бір бір эпизодқа ғана қатысы барын ескере келе қоғамға қауіпті емес деп тапқан. Айта кетейік, сотталғандардың кейбірі өз кінәсін тек ішінара ғана мойындапты. Еске салайық, биыл көктемде Бахрейнде жас қыздарды күреп ақша табасың деп алдап шет ел асырғандар құрықталған болатын. шекара асқан соң, құжаттарын алып қойып, жезөкшелікке жеккен. Негізінен қармаққа тұрмысы төмен жандарды түсіріп отырған. Айтпақшы, жалған құжат жасаған жиырма шақты әрекет бойынша іс тергеліп жатқаны белгілі болды.

А. Төребекқызы