Русский Сайттың толық нұсқасы

Тергеу кезінде көз жұмған күдіктіні ұстаған сәттегі бейнежазба жария болды

  • AstanaTV
  • 22 желтоқсан 2021
  • 2627

Шымкенттегі полиция ғимаратында көз жұмған қостанайлықты ұстаған сәт, таспаланған бейнежазба жария болды. Қоғамдық резонанс тудырған оқиғаға қатысты видеоны Михаил Козачков есімді журналист Telegram-арнасында бөліскен. Автор бейнебақылау камерасына жазылған екі таспа жариялаған. Оның біріншісі дәмхана сыртында түсірілген. Онда дәмхана алдында Нұрболат Жұмабаевтың алаңсыз телефонмен сөйлесіп жүргенін көруге болады. Кенеттен оған арнайы жасақтың бірнеше қызметкері тап берген. Жерге жатқызып, қолын қайырып, тепкілегендері анық байқалады. Ал екінші видеода жайбарақат тамақтанып отырған оның досы Сергей Петровты арнайы жасақ дәмхана ішінде ұстағаны жазылып қалған. Күдіктілер полицияға еш қарсыласпағаны көрінеді. Еске салайық, 8-ші желтоқсанда Шымкенттегі Полиция департаментінің ғимаратында тергеуге жеткізілген 31 жастағы Нұрболат Жұмабаев көз жұмды. Полиция марқұмды досымен бірге шетел көлігінің ұрлығына қатысы болуы мүмкін деген күдікпен  ұстаған болатын. Мәйітханада жүргізілген сот-медициналық сараптамасы қостанайлық азаматтың полиция соққысынан қайтыс болғанын дәлелдеп берген. Қазір аталған фактіге қатысты тергеу жалғасып жатыр.

А. Төребекқызы