Зейнетақы жинағын пайдалана отырып, үй сатып алу бойынша ең ірі операция 162 миллион теңгеден асты. Бұл туралы "Отбасы банк" басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова айтты. Оның айтуынша, 2021 жылы алып-сату мәмілелерімен жасалған операциялар өткен жылмен салыстырғанда біршама өскен. "Бүгін таңертеңнің өзінде 179 192 транзакция ипотекасыз жүзеге асырылды",- дейді төрайым.
Ләззат ИБРАГИМОВА, "ОТБАСЫ БАНК" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:
Зейнетақы жинағын пайдалана отырып, тұрғын үй сатып алу бойынша ең ірі операция 162,4 миллион теңгені құрады. Яғни, бұл премиум-класстағы тұрғын үйлер. Бұл сегментте ең аз сомадағы мәміле шамамен бір миллион теңге. Ол ауылда немесе облыс орталығында болуы мүмкін.
Сондай-ақ, Ләззат Ибрагимованың айтуынша, елімізде баспана құнының өсуіне зейнетақы жинағындағы қаражатты алу ғана әсер етпеген. Оған инфляция, азық-түлік және басқа да тауарлардың қымбаттауы ықпал етті дейді. Бағаның өсу қарқыны енді төмендемейтінін атап өтті. Себебі, елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келіп, 60 мыңнан аса жаңа неке тіркеледі. Бұл факторлар сұранысқа қатты әсер етеді дейді ол.
Ә. Дүкембаева