Русский Сайттың толық нұсқасы

СҚО Шал ақын ауданы тұрғындары мен әкімдік арасында дау туындады

  • AstanaTV
  • 23 желтоқсан 2021
  • 3228

Солтүстік Қазақстанда «Еңбек» бағдарламасымен Шал ақын ауданына қоныстанған  тұрғындар ішер судан тарығып отыр. Оңтүстіктен көшіп барған  жұрт коммуналдық кәсіпорын суды   өшіріп тастағанын айтады.  Аудан орталығы Сергеевка қаласында соңғы екі жылда 40 жаңа баспана салынған.  Ол үйлерге күнгейден көшіп келген  отбасылар қоныстанған. Жергілікті әкімдік үйлердің барлығына  коммуналдық жүйелерді кіргізіп бергенімен, есептеуіш құралдарын орнатпапты. Сондықтан халық  жалпы тарифпен есептелген шығынды төлеуден  бас тартқан. Судың сапасы да сын көтермейді деп ашуланады тұрғындар.

Билік өкілдерінің айтуынша,  есептеуіш құралдары жаңа жылға дейін орнатылады.   Ал тұрғындар бірнеше жыл бойы пайдаланған судың ақысын міндетті түрде өтеуі тиіс."Қарыздың жалпы көлемі 200 мың теңгеге жуық",- дейді.  

Саят ОМАРОВ, СҚО ШАЛ АҚЫН АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Біз есептеуіш құралдарын сатып алдық. Бірер күннің ішінде орнатамыз. Кейін тұрғындар судың ақысын тек пайдаланған мөлшері бойынша төлейтін болады. Бірақ осы уақытқа дейін тұтынған судың  қарызын жабу керек. Біз олармен сан мәрте тілдесіп көрдік. Тұрғындар әкімдікпен ортақ ымыраға келуге үзілді-кесілді бас тартып отыр.


А. Құрманкин