Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауы райының қолайсыздығынан жол апаты жиілеген

  • AstanaTV
  • 24 желтоқсан 2021
  • 1740

"Қарағанды-Жезқазған" тас жолында жол апаты болып, жолаушысы қаза болды. Ал, көлік жүргізушісі ауыр жарақатпен аурухана жеткізілді. Екі көліктің де сау-тамтығы қалмаған. Балқашта да 6 көліктің қатысуымен ірі жол апаты тіркелді. Полиция мамандары соңғы күндері ел аумағында көлік апаты жиілегенін хабарлайды. Елорданың өзінде соңғы тәулікте 170-ке жуық жол көлік оқиғасы болған. Жарақат алғандар да бар. Әріптесім Динара Жарқынбектің репортажы.

Бұл "Қарағанды- Жезқазған" тас жолындағы қайғы жағдай. "Ниссан тида" автокөлігін басқарған 34 жастағы ер адам, көлікке ие бола алмай, қарсы бетте келе жатқан «Вольво» автомобильімен соқтығысқан. Осының салдарынан 57 жастағы жолаушы әйел, жедел жәрдем келгенше мерт болды. Жүргізушінің бірі ауыр жарақат алған. Қазіргі таңда тиісті сараптамалар тағайындалды.

Жансая ЖҮНІСОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ПД ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ КОММУНИКАЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:


Аталған дерек бойынша  Қылмыстық кодекстің 345 бабы 3- інші тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Соның қорытындысына сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданады.


Ел астанасында да жағдай мәз емес. Жарты тәулік ішінде мұнда 170-ке жуық жол апаты болған. Бірнеше адам жарақат алған.

Динара ЖАРҚЫНБЕК, ТІЛШІ:

Елорда да қыс, биыл алдыңғы жылдарға қарағанда біршама жылы. Қазір ауа райы "-13" градусты көрсетіп тұр. Ауа райының бірде жылып, бірде салқындауынан көлік апаты жиілеген.  
 
Арман ӘБІЛҚАСЫМОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА-ИНСПЕКТОРЫ:


22 -сі күні қала аумағында 93 жол апаты тіркелсе, кеше 23 желтоқсанда ауа райының күрт өзгеріп, жаңбыр араласқан қар жауынан қолайсыздық тудыруына байланысты қалада 168 көлік оқиғасы тіркеліп отыр.


Қазгидромет орталығының хабарлауынша, мұндай ауа райы ел аумағында әлі жалғасады. Қар ұшқындап жауын жауады. Осының салдарынан көктайғақ, тұман, екпінді жел мен бұрқасын болады деп болжайды. Дегенмен аяз бірқатар өңірлерде күшеймек.  

"ҚАЗГИДРОМЕТ" РМК БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:


Солтүстікте күндіз -5, -15 градус, түнде кей жерлерде  -20 болады. Орталық пен Шығыста да  ауа температурасы төмендейді. Еліміздің оңтүстігінде түнде -15 градус, күндіз - 8 градус болмақ.


Күн райына қадағалап отырғандардың пайымына сүйенсек, тұрақсыз ауа райы басым өңірлерде әлі сақталмақ. Демек көктайғақ әлі бірақ әбігерге салатын түрі бар. Сондықтан темір тұлпарды тізгіндегендер де абай болғаны абзал. Полиция оларға сақтық үшін көлік жылдамдығын 40-тан асырмауға кеңес береді.
 
Динара ЖАРҚЫНБЕК, ТІЛШІ:

Мамандардың айтуынша, жаяу жүргіншілер де сақтық шараларын қадағалаған жөн. Бағдаршамнан өтер кезде гаджеттерге үңілмей, құлаққапты алып тастаған дұрыс болады. Өйткені жер тайғақ болғандықтан көлік Сізге тоқтап үлгере алмай қалуы мүмкін.

Д. Жарқынбек